
Мойынқұм ауданындағы «Жамбыл мектеп-гимназиясы» білім ордасында 25 мамыр — Соңғы қоңырау салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ерекше әсерге толы мерекелік кеш өтті. Бұл күн — мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас түлектер үшін жүректе мәңгі сақталатын ұмытылмас сәттердің бірі болды.
Салтанатты шара барысында мектеп ауласына жиналған ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар мектеп бітіруші түлектердің қуанышына ортақтасып, оларға ақжарма тілектерін арнады. Мерекелік кеш барысында патриоттық әндер шырқалып, оқушылардың өнерлері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектердің қоштасу вальсі көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Алибек Нурадинов жас түлектерді маңызды белеспен құттықтап, оларға ізгі тілегін білдірді. Өз сөзінде ол білім мен тәрбиені қатар алып жүрген жастардың ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, әр түлекке таңдаған жолында табыс пен сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің басшысы Мәлік Мұратәліұлы сөз сөйлеп, мектеппен қоштасып жатқан түлектерге үлкен өмірде өз орындарын табуға, биік мақсаттарға ұмтылып, ел дамуына үлес қосатын азамат болуға тілектестік білдірді.
Кеш барысында ұстаздарға алғыс айтылып, мектеп өміріндегі қызықты сәттер еске алынды. Түлектер де өз кезегінде білім берген ұстаздары мен қолдау көрсеткен ата-аналарына ризашылықтарын жеткізді.
Соңғы қоңырау — тек мектеппен қоштасу ғана емес, жаңа өмірге бастар үлкен қадам. Бүгінгі жас түлектер — ертеңгі елдің тірегі, болашақтың иелері. Сондықтан олардың әрқайсысына үлкен сенім артылып отыр.
Құрметті түлектер!
Алдағы өмір жолдарыңыз жарқын, армандарыңыз асқақ болсын! Қай салада еңбек етсеңіздер де, ел сенімін ақтайтын білімді де білікті азамат атаныңыздар. Биік белестерді бағындырып, ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың үмітін ақтай беріңіздер. Сәт сапар, жас түлектер! Ақ жол!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1228088?lang=ru

Жауап қалдыру