Павлодар облысы білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізілетін пилоттық өңірлер қатарына енді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Павлодар облысы жаңа оқу жылынан бастап білім беру процесіне жасанды интеллект технологиялары енгізілетін Қазақстанның пилоттық өңірлерінің қатарына енді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында айтылды.

Үкімет басшысы білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау бойынша Президент тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ел бойынша пилоттық жобаға қатысатын 500 мектеп айқындалған. Олардың қатарында Павлодар облысының білім беру ұйымдары да бар. Жоба аясында қалалық мектептермен қатар шағын жинақты ауыл мектептеріне де басымдық беріледі.

Пилоттық жобаның алғашқы кезеңі 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталады. Павлодар облысы Қызылорда облысымен бірге 10 шағын жинақты мектеп базасында жасанды интеллект шешімдерін сынақтан өткізетін негізгі алаңдардың біріне айналады. Қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептерде математика, цифрлық сауаттылық, «Ана тілі» және жасанды интеллект негіздері пәндеріне AI элементтері енгізіледі.

Сонымен қатар өңірде педагогтерді жаңа цифрлық технологиялармен жұмыс істеуге даярлау жалғасуда. Мұғалімдер цифрлық педагогика мен білім беру процесінде AI құралдарын тиімді пайдалану бағытында оқытылып жатыр.

Бұдан бөлек, оқушылардың білім нәтижелерін саралап, оқу олқылықтарын уақытылы анықтауға мүмкіндік беретін ұлттық AI-білім беру платформасын енгізу жоспарланған.

Жоба аясында балалардың цифрлық қауіпсіздігіне, жеке деректерді қорғауға және академиялық адалдықты қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылады.

Павлодар облысы үшін бұл бастама — білім беру жүйесін жаңғыртуға, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға және оқушыларды цифрлық дәуір талаптарына бейімдеуге бағытталған маңызды қадам.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1229414?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді