
Қала әкімі «Мүшелтой» шағын ауданының тұрғындарымен кездесті
Бүгін қала әкімі Ернат Бәзіл «Мүшелтой» шағын ауданындағы №2 және №8 тұрғын үйлердің тұрғындарымен кездесіп, аулаларды абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.
Кездесу барысында тұрғындар 30 жылға жуық уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген аулаларда басталған ауқымды абаттандыру жұмыстары үшін ризашылықтарын білдірді.
Еске салсақ, биыл Талдықорған қаласы бойынша 41 ауланы абаттандыру жоспарланған. Қазіргі таңда оның 10 ауласында құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті. Оның ішінде 19 аулаға күрделі жөндеу жүргізілсе, 22 аула «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында ретке келтіріледі.
Абаттандыру жұмыстары негізінен қаланың оңтүстік-батыс бөлігін қамтып, «Болашақ», «Жастар» және «Мүшелтой» шағын аудандарында жүзеге асырылмақ. Жоспар бойынша барлық жұмыстар ағымдағы жылдың қараша айында толық аяқталады.
Кездесу барысында тұрғындар аулаларда автотұрақ орындарының санын көбейту және қолданыстағы жасыл желектерді барынша сақтау мәселелерін көтерді.
Өз кезегінде қала әкімі Ернат Бәзіл тұрғындар тарапынан айтылған әрбір ұсыныс пен өтініш назарға алынатынын атап өтті.
– Біздің басты мақсатымыз тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Сондықтан абаттандыру жұмыстары заманауи талаптарға сай жүргізіліп, олардың сапасы тұрақты бақылауда болады. Тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары міндетті түрде ескеріледі, – деді қала әкімі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта «Мүшелтой» шағын ауданындағы №2 және №8 тұрғын үйлердің аулаларында құрылыс жұмыстары басталды. Жоба аясында стрит-воркаут алаңы, бірнеше балалар ойын алаңы, шағын футбол алаңы, 50-ден астам орындық, 10-ға жуық беседка және заманауи жарықтандыру шамдары орнатылады.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, балалардың қауіпсіз ойын алаңдарында демалуына және қала аумақтарының жайлылығын арттыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1236657?lang=ru

Жауап қалдыру