
Қарағандыда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының 22-маусымы басталды. Биыл жазда 2000 сарбаз саябақтар мен гүлзарларда еңбек етіп, туған өлкені абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына қатысады. Олардың қатарында 40 адамнан тұратын алғашқы инклюзивті жасақтың мүшелері де бар.

— Өткен жылы пилоттық жоба ретінде іске қосылған инклюзивті бағыт бүгінде жобаның толыққанды бөлігіне айналды. Біздің міндетіміз – жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін алуға және табыс табуға мүмкіндік беру, – деді «Жасыл ел» республикалық штабы облыстық филиалының жетекшісі Сұлтан Шаймағанбет.
Оның айтуынша, биыл да саябақтар, гүлзарлар мен аулалардың тазалығын қадағалайтын экопатрульдер өз жұмысын жалғастырады.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасын ілгерілетуге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға бағытталған танымдық әрі экологиялық іс-шараларға ерекше көңіл бөлінеді.
Жасақ сарбаздарын конкурстық іріктеу барысында халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне басымдық берілді. Қатысушыларды қабылдау сайт арқылы электронды форматта жүргізілді. Ашықтықты арттыру мақсатында жұмыс уақытын QR-кодтар арқылы есепке алу жүйесі енгізілді.
Жаңа маусымның ашылуы Орталық саябақта ұйымдастырылған мерекелік концертпен атап өтілді. Шараға қазақстандық танымал өнерпаздар Қайрат Түнтеков пен Еңілік қатысып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1236575?lang=ru

Жауап қалдыру