Бүгін Атырау облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Жиында Құрманғазы, Махамбет және Индер аудандарындағы киік санының көбеюі, оның ауыл шаруашылығына әсері, жұқпалы аурулардың таралу қаупі мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Мереке Шалхаров өңірдегі киік популяциясының жағдайы, таралу аймағы мен көші-қон бағыттары туралы баяндады. Оның айтуынша, киік санының артуы ауыл шаруашылығы саласына да тікелей әсер етуде. Құрманғазы ауданында мамыр айындағы 2 мың бас киік шоғырланған. Индер және Махамбет ауданы аумақтарында шамамен 1000-ға жуық киік байқалғанын айтты.
Депутаттар жайылымдардың тарылуы, мал арасында жұқпалы аурулардың таралуы, шабындықтардың бүлінуі, мал азығы қорының азаюы және ауыл шаруашылығына келтіріліп отырған залал мәселелерін көтерді.
Депутаттардың қойған сұрақтары бойынша “Охотзоопром” РМҚК Батыс өңірлік филиалы басшысының орынбасары Ержігіт Ишмухамбетов мекеменің негізгі міндеті киіктерді қорғау екенін және қаржылық мәселелер бойынша ақпарат тікелей Алматы қаласында орналасқан бас кеңсе арқылы берілетінін, 2026 жылы табиғи өлім–жітімге ұшыраған 1029 киік өлексесі жойылғанын айтып өтті.
Құрманғазы ауданындағы “Капуанов” шаруа қожалығының басшысы Бек Капуанов Азғыр өңірі шаруаларын алаңдатып отырған мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, соңғы төрт жыл бойы шаруашылықтарына киіктің көбеюі, жұқпалы ауру таралуы мал басын өсіру мүмкін болмай отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар киік санының шамадан тыс көбеюі жайылымдық жерлерге салмақ түсіріп, мал шаруашылығын дамытуға кері әсерін және киіктер арқылы ауру таралу қаупіне алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселеге жауапты мекемелер тарапынан бақылау мен қадағалаудың жоқтығын айтты.
Атырау облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы Әлібек Бахтияров шаруашылық жұқпалы ауру ошағы ретінде тіркелмегенін, аурудың нақты түрі анықталмағанын және қорытынды тек зертханалық зерттеулер негізінде жасалатынына тоқталды.
Тұрақты комиссия төрағалары Бақыт Каметов пен Арман Хайруллин, депутат Сейітжан Балжігітов ветеринариялық қауіпсіздікке байланысты киіктер мен үй жануарлары арасындағы эпизоотиялық тәуекелдерді зерттеу, мониторингті күшейту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін көтерді. Жауапты мекемелер тарапынан киік саны, қозғалысы, ветеринариялық ахуал және келтірілген залал бойынша толық ақпаратты ұсыну, мәжіліске мұқият дайындықпен келуді тапсырды.
Атырау облыстық мәслихаттың Аграрлық сала, жер қатынастары және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Айбар Ерекешов отырысты қорытындылап, киік популяциясы мен ауыл шаруашылығы саласының дамуы арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігін атап өті. Ол сондай-ақ өңірде тиісті мекемелердің жұмысы жеткіліксіздігін екенін айтып, жануарлардың таралуы мен динамикасын бағалау, яғниғ киіктің таралу аймағын, көші-қон жолдары, жайылым қысымы, маусымдық қозғалысы, популяция өзгерісін анықтау үшін жерді қашықтан зондтау деректері негізінде мониторинг жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ “Охотзоопром” бірлестігінің Атырау облысында жер ерекшеліктеріне байланысты жеке филиалын ашу жөнінде ұсыныс білдірді.
Сонымен қатар, жауапты мемлекеттік органдарға көтерілген мәселелер бойынша нақты мәліметтерді ұсыну және шілде айындағы келесі отырыста есеп беру тапсырылды. Қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылдау мәселесі қаралатыны ескертілді.
Отырыс қорытындысы бойынша барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, қабылданған қаулы жобасы осы салаға қатысты мекемелерге жолданатындығын атап өтті.
Жауап қалдыру