
Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңарып, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар қарқын алуда.
Бүгінде өңірде 384 медициналық нысан қызмет көрсетеді. Оның қатарында 27 аурухана, 140 амбулаториялық-емханалық ұйым, 59 фельдшерлік-акушерлік пункт, 146 медициналық пункт, 6 медициналық орталық және өзге де 6 мекеме бар.
Өткен жылы 11 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілсе, биыл тағы 5 нысанды жаңғырту жоспарланған. Қазіргі таңда олардың біреуі толық аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Байзақ ауданы Дихан ауылындағы облыстық мамандандырылған оңалту орталығы «Қамқорлық» жобасы аясында жаңартылды.
Ал қалған төрт нысанда жөндеу жұмыстары жалғасуда. Олардың қатарында Қордай ауданы Арал ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт, Жуалы ауданы Түктібай және Қызыларық ауылдарындағы медициналық пункттер, сондай-ақ Т. Рысқұлов ауданындағы Құмарық дәрігерлік амбулаториясы бар.
Сонымен бірге, өткен жылы өңірде 5 бірдей медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп, оның төртеуі пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Қордай ауданы Сортөбе ауылында 200 төсектік емхана ашылды. Бұдан бөлек, Үлкен-Сұлутор және Ақкөл ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне ұсынылды. Меркі аудандық ауруханасында қабылдау бөлімшесі кеңейтіліп, жаңғыртылды.
Ал Талас аудандық ауруханасының 200 төсектік ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары биыл да жалғасып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының тең жартысы аяқталған.
Сондай-ақ, биыл Тараз қаласындағы Балауса шағынауданында КТ және маммография модуліне арналған арнайы нысанның, сондай-ақ Шу қаласындағы ауруханаға қосымша кіреберіс құрылысы жүргізілуде.
Жалпы, жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1237009?lang=kk

Жауап қалдыру