Абай мұрасы – тәртіп сақшыларына рухани бағдар

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абай облысы Полиция департаментінде жеке құрам қызметкерлерінің қатысуымен «Абай жолы – ұлттық таным» атты идеологиялық сағат ұйымдастырылды. Рухани-танымдық шараның негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлы мұрасын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және полиция қызметкерлерінің рухани-мәдени танымын кеңейту болды.

✅Іс-шараға арнайы қонақ ретінде «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейінің меңгерушісі Қуат Қиықбай қатысып, Абай мұрасының тарихи маңызы мен оның қоғам тәрбиесіндегі рөлі жөнінде мазмұнды әңгіме өрбітті.

Кездесу барысында Қуат Қиықбай Абай шығармаларында адалдық, әділдік, тәртіп пен адамгершілік секілді қасиеттер кеңінен көрініс тапқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құндылықтар құқық қорғау саласы қызметкерлері үшін де аса маңызды.

— «Полиция қызметкері тек заңды қорғаушы ғана емес, ол – қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары тұлға. Абай мұрасындағы әділдік, ар-ұят, адал қызмет ету туралы ойлар бүгінгі тәртіп сақшылары үшін де үлкен тәрбие мектебі», – деді Қуат Қиықбай.

Сонымен қатар, кездесу кезінде қазақ зиялыларының ел тарихындағы орны, олардың ұлт болашағы үшін атқарған қызметі туралы да кеңінен айтылды. Бұл бағыттағы әңгімелер қызметкерлердің тарихи сана-сезімін нығайтып, елдік рухты арттыруға ықпал етті.

— «Тәртіп сақшысы үшін рухани тәрбие де маңызды. Өйткені адам бойындағы әділдік пен жауапкершілік ең алдымен рухани құндылықтар арқылы қалыптасады. Абай мұрасы – осы қасиеттердің қайнар көзі», – деп атап өтті Қуат Қиықбай.

Тағылымды іс-шара барысында қатысушылар қазақ әдебиеті мен мәдениеті төңірегінде ой бөлісіп, Абай мұрасының қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы маңызына ерекше тоқталды.

👮‍♂️Осындай рухани кездесулер полиция қызметкерлерінің кәсіби қызметімен қатар, олардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, ел тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын күшейтуге ықпал етеді. Сонымен бірге, бұл шаралар жеке құрам арасында патриоттық рухты нығайтып, қоғамға адал қызмет ету қағидаларын дәріптеуге бағытталған маңызды алаңға айналуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1236359?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді