
Абай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасындағы қауіпсіз ортаны нығайту бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бір күн ішінде есепте тұрған 240 азаматтың тұрғылықты мекенжайына барып, олармен жеке профилактикалық кездесу өткізді.
Сондай-ақ, 500-ге жуық жадынама таратты.
Бұл рейдтің негізгі мақсаты – жазалау емес, отбасылық қатынастардағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және тұрмыстық жанжалдардың қайталануына жол бермеу. Қызметкерлер әр азаматпен жеке сөйлесіп, отбасындағы жауапкершілік, өзара сыйластық, құқық бұзушылықтың салдары және заң талаптарын сақтау қажеттілігі туралы кеңінен түсіндірді.
Полиция үшін мұндай жұмыстар тек бақылау шарасы емес, сонымен қатар отбасылармен ашық диалог орнату алаңы болып табылады. Әңгіме барысында тұрғындарға тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, агрессияға жол бермеу және балалардың қауіпсіз ортасын қамтамасыз етудің маңызы айтылды.
Сонымен қатар, профилактикалық шаралар тек жеке тұлғалармен шектелмей, әлеуметтік ортаның басқа да факторларын қамтыды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға ықпал ететін тұрмыстық жағдайлар, мінез-құлық тәуекелдері және қайта құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері де назарға алынды.
Абай облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Мейірбек Нүрекенов атап өткендей:
«Біздің басты мақсатымыз — жазалау емес, отбасылық қатынастарда тұрақтылық пен түсіністікті қалыптастыру. Әр азамат өз жауапкершілігін сезініп, заңды сақтауға саналы түрде келуі маңызды. Тұрмыстық қауіпсіздік – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті».
Полиция департаменті тұрғындарды отбасылық құндылықтарды сақтауға, жанжалдарды ушықтырмай дер кезінде шешуге және “Заң мен тәртіп” қағидатын күнделікті өмірде ұстануға шақырады.
Қауіпсіз әрі берік отбасы – қоғам тұрақтылығының негізі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1236364?lang=ru

Жауап қалдыру