
18–25 мамыр аралығында республика көлемінде өткізілген «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық акциясы аясында полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылау жұмыстарын күшейтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – мектеп оқушылары мен кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің құқықтық жауапкершілігін арттыру болды.
Акция кезеңінде тәртіп сақшылары білім беру ұйымдарының маңында, жаяу жүргіншілер өткелдерінде, балалар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда және көлік қозғалысы қарқынды аумақтарда күшейтілген режимде қызмет атқарды. Әсіресе таңғы және кешкі уақыттарда мектептер мен балабақшалар маңындағы қауіпсіздік шараларына басымдық берілді.
Профилактикалық іс-шаралар барысында жаяу жүргіншілер өткелінен өту қағидаларын бұзудың 58 фактісінің жолы кесілді.
Сонымен қатар балаларды тасымалдау қағидаларын бұзудың 34 дерегі тіркелді. Оның ішінде 25 жағдайда жүргізушілер балаларды ұстап тұратын арнайы құрылғыларды пайдаланбаған. Мұндай немқұрайдылық кәмелетке толмаған жолаушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретіні белгілі. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалар қауіпсіздігіне қатысты талаптарды қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
Акция барысында тек әкімшілік шаралар ғана емес, кең көлемді түсіндіру және ақпараттық жұмыстар да ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері ата-аналармен, педагогтармен және оқушылармен кездесулер өткізіп, жолдағы қауіпсіздік ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жадынамалар таратты. Балаларға арналған танымдық әңгімелер мен қауіпсіздік сабақтары ұйымдастырылып, жолда абай болудың маңыздылығы түсіндірілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1236389?lang=ru

Жауап қалдыру