
Абай облысында Серік Байсалыков атындағы “Жас Сақшы” сыныбы ашылды.
Абай облысы, Жаңасемей ауданы, Приречное ауылының Приречное орта мектебінде елдік рухты көтерген, жас ұрпақтың санасына тәртіп пен жауапкершілік ұғымын сіңіруге бағытталған маңызды іс-шара өтті. Серік Байсалыковтың есімі берілген «Жас сақшы» сыныбы салтанатты түрде ашылып, білім ордасында ерекше күн ретінде есте қалды.
Бұл бастама – жай ғана жаңа оқу кабинетін ашу емес, жасөспірімдерді Отанға адал қызмет етуге, заң мен тәртіпті құрметтеуге баулитын тәрбиелік жобаның жаңа кезеңі. «Жас сақшы» сыныбының ашылуы арқылы мектеп қабырғасындағы оқушылардың бойында азаматтық жауапкершілік, тәртіпке деген құрмет және патриоттық сезімдерді қалыптастыру көзделіп отыр. Әсіресе 7-сынып оқушылары үшін бұл күн олардың өміріндегі алғашқы маңызды қадамдардың бірі болды.
Салтанатты жиынға арнайы қонақтар қатысты. Атап айтқанда, батыр Серік Байсалыковтың жұбайы Орынтай Қабдығалиевна мен әпкесі Қаламқас Қабеновна қатысып, ер есімін ұлықтауға арналған игі іске жүрекжарды лебіздерін білдірді. Олар үшін бұл тек ресми шара ғана емес, ерлік пен елдік рухтың жас буынға жалғасуының жарқын көрінісі болды. Қонақтар жас сақшыларға сәттілік тілеп, олардың болашақта елге адал қызмет ететін азамат болып өсетініне сенім білдірді.
Жас сақшылардың алғашқы салтанатты ант қабылдады. Оқушылардың жүрек түкпірінен шыққан ант сөздері олардың бұл бастамаға үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті.
Оларға арнайы куәліктері табысталып, жаңа мәртебелері ресми түрде бекітілді.
Шара барысында Абай облысы Полиция департаментінің Жеке құраммен жұмыс басқармасының бастығы полиция полковнигі Шалқар Қанағатов сөз сөйлеп, жас буынға үлкен сенім артылатынын атап өтті:
«Бүгінгі күн – сендердің өмірлеріңдегі маңызды белес. “Жас сақшы” сыныбы – бұл жай атау емес, бұл – жауапкершілік мектебі. Сендер енді тек оқушы ғана емес, қоғамдағы тәртіп пен заңдылықты құрметтеудің алғашқы өкілдерісіңдер. Серік Байсалыковтың есімі – ерліктің символы. Сол рух сендердің де бойларыңнан табылып, елге адал қызмет ететін азамат болып қалыптасуларыңа жол ашады деп сенемін», – деді ол.
Салтанатты рәсім барысында оқушылардың жүзіндегі толқу мен мақтаныш сезімі айқын байқалды. Бұл – олардың өміріндегі жаңа кезеңнің басталғанының белгісі еді. Жас сақшыларға артылған сенім олардың болашақта тек білімді емес, сонымен қатар тәртіпті, жауапты және отансүйгіш азамат болып қалыптасуына үлкен серпін берері сөзсіз.
Жаңа ашылған «Жас сақшы» сыныбы – мектеп пен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайтатын, өскелең ұрпақты елжандылық пен тәртіпке баулитын маңызды жоба ретінде өз жұмысын бастады. Бұл бастама алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жас буынның санасына елге қызмет етудің биік мұратын сіңіретін болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1236370?lang=ru

Жауап қалдыру