
2026 жылғы 3 маусымда Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) анықталған жағдайда жүргізілетін шұғыл эпидемияға қарсы іс-шараларға дайындық мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, ШЖҚ РМК «Ұлттық сараптама орталығының» Астана филиалының, сондай-ақ әуежайдың медициналық, шекаралық және кедендік қызметтерінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында КҚГҚ-ға күдікті жолаушы анықталған жағдайда санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру тәртібі, мемлекеттік органдарды жедел хабардар ету схемасы және төтенше жағдайлар туындаған кездегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмі қарастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ауру жағдайларын уақтылы анықтауға, Қазақстан Республикасы аумағында аса қауіпті және карантиндік инфекциялардың таралуына жол бермеуге дайындық деңгейін арттыру, сондай-ақ жедел әрекет ету бойынша практикалық дағдыларды жетілдіру. Қатысушыларға КҚГҚ-мен ауырған немесе осы ауруға күдікті адам анықталған кездегі жедел іс-қимыл жоспары таныстырылды. Талқылау барысында мамандар қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес өзара іс-қимыл тетіктерін егжей-тегжейлі пысықтады. Осындай іс-шараларды өткізу ведомствоаралық байланысты нығайтуға және аса қауіпті инфекциялық аурулардың әкелінуі мен таралу қаупіне қарсы қызметтердің дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-na-transporte/press/news/details/1236165?lang=ru

Жауап қалдыру