
Биыл Жеңістің 81-ші көктемі. Сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегін ұлықтау – кейінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Осыған орай, арыстықтар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер мен өмірден өткен ардагерлердің рухына тағзым етті.
Қаладағы «Жеңіс» скверінде өткен еске алу шарасына қала әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, аудан прокуроры Алмас Арыстанбеков, ардагерлер кеңесінің өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар мемориалға гүл шоқтарын қойып, есімдері тасқа қашалған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Тарих деректеріне сүйенсек, соғыс жылдарында Арыс қаласынан майдан даласына 10 503 азамат аттанған. Олардың тек 5 314-і туған жерге аман оралған. Ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен арыстық 6 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Сонымен қатар, қан майданда жараланып, тағдыр тауқыметін тартқан азаматтардың да есімі ел жадында сақталады.
Майдандағы жеңістің артында тылдағы тынымсыз еңбек тұрғаны анық. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен күн-түн демей еңбек еткен тыл ардагерлерінің де Ұлы Жеңіске қосқан үлесі зор.
Ұлы Жеңіс – халқымыздың рухы мен ерлігін айшықтайтын тарихи күн. Батырлардың жанқиярлығы мен ел үшін жасаған ерлігі ешқашан ұмытылмайды.




Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-arys/press/news/details/1236337?lang=kk

Жауап қалдыру