
Балалардың қауіпсіздігі – әрбір ата-ананың басты міндеті. Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қараусыз қалуы, ашық терезелерге жақындауы, көшеде және қоғамдық орындарда қауіпсіздік талаптарын сақтамауы түрлі оқыс оқиғаларға себеп болуы мүмкін.
Осыған байланысты Маңғыстау облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады.
Тәртіп сақшылары балаларды үйде ұзақ уақыт қараусыз қалдырмауды, терезе мен балкон маңына жиһаз қоймауды және терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуды ұсынады. Бұл шаралар балалардың терезеден құлау фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ата-аналарға балаларға жол қозғалысы ережелерін тұрақты түрде түсіндіріп, жаяу жүргіншілер өткелдерін қауіпсіз пайдалануды үйрету қажеттігі ескертіледі. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде болуына жол бермеу маңызды.
Полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздігі – барша қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтеді. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алып, балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға көмектеседі.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті азаматтарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамай, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.
https://www.instagram.com/reel/DZPmzrGshs-/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1236200?lang=ru

Жауап қалдыру