
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысы бойынша кеңес өтті.
Қазіргі таңда шаһардағы кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 294 шақырымды құрайды. Алайда олардың тозу деңгейі 43 пайызға жетіп отыр. Бүгінде қаланың кәріз сулары Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына төгілуде. Ал, сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен жер асты суларының ластану қаупі бар.
Осыған байланысты «Жамбыл су» мекемесі Жамбыл облысы әкімдігі және Тараз қаласы әкімдігімен бірлесіп, заманауи кәріз тазарту кешенінің құрылыс жобасын жүзеге асыруда. Аталған жоба өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және шаһар тұрғындарын сапалы коммуналдық инфрақұрылыммен қамтуға бағытталған.
Кеңес барысында кәріздік тазарту қондырғысы құрылыс жобасының жетекшісі Мұрат Джакишев атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Жоба аясында заманауи тазарту технологияларын енгізу, ағын суларды толық көлемде тазарту және қоршаған ортаға келетін зиянды барынша азайту көзделген. Сонымен қатар сүзгілеу алаңдарының жүктемесін төмендету мақсатында қосымша 12 карта салу жұмыстары іске асырылған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-taraz/press/news/details/1236493?lang=ru

Жауап қалдыру