
Балалардың күлкісі – бейбіт өмірдің әуені, олардың қауіпсіздігі – қоғамның басты құндылығы. Сондықтан Балаларды қорғау күні қарсаңында өткізілген әрбір іс-шараның мақсаты бір – бала өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Осы игі мақсатта полиция мен жас жол инспекторлары ерекше форматтағы профилактикалық акция ұйымдастырып, жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы маңызды үндеулерін тұрғындарға жеткізді. Бұл жолы олардың үні микрофоннан емес, асфальт бетіндегі жазулар арқылы естілді.
Адамдар көп жүретін көшелерде, жаяу жүргіншілер өткелдері мен қоғамдық орындарда бояумен жазылған «Жолда абай бол!», «Асықпа, алдымен жан-жағыңа қара!» деген қысқа әрі мағыналы сөздер әрбір жүргіншінің назарын өзіне аударды. Күн сайын асығыс қадаммен өтіп бара жатқан тұрғындар аяқ астындағы жазуларды оқи отырып, жолдағы қауіпсіздік туралы тағы бір рет ойлануға мүмкіндік алды.
Бұл акцияның ерекшелігі – қауіпсіздік туралы ескертулердің адамдарға дәл қажетті сәтте жолығуында. Өйткені кейде бір ауыз сөз, бір қарапайым ескерту адамды қателік жасаудан сақтап қалуы мүмкін.
Асфальтқа жазылған бұл үндеулер жай ғана сөз емес, балалардың қауіпсіз болашаққа деген тілегі мен қоғамға жолдаған маңызды хабарламасы іспетті. Полиция мен Жас жол инспекторлары шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастыра отырып, жол мәдениетін қалыптастырудың тың үлгісін көрсетті. Ал тұрғындар балалардың қолымен жазылған әрбір сөзден шынайылық пен қамқорлықты сезінді.
Осындай тағылымды бастамалар арқылы жас ұрпақтың қауіпсіздік ережелерін үйреніп қана қоймай, өзгелердің өмірі мен амандығына бейжай қарамаудың маңызын түсінеді. Себебі қауіпсіз қоғам – әр адамның жауапкершілігінен басталады. Ал балалардың қауіпсіздігіне бағытталған әрбір қадам – жарқын болашаққа бастар сенімді жол.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1236440?lang=ru

Жауап қалдыру