
Шымкент қаласында Қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық күні мен Эколог күніне орай «Эколог сағаты» республикалық акциясы ұйымдастырылды. М.Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінің базасында өткен іс-шараға эколог мамандар, табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері, педагогтер мен колледж студенттері қатысты.
Акция Шымкент қаласы білім басқармасының қолдауымен «Экология, өлкетану және туризм орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және М.Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінің бірлескен ұйымдастыруымен өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдыларын дамыту және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының құндылықтарын насихаттау.
Жиынның ашылуында Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанат Уәлиханова қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, қоршаған ортаны қорғау ісінде жастардың белсенділігінің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы Еркін Қозыбаев «Қазіргі экологиялық мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында баяндама жасап, өңірдегі экологиялық ахуал мен өзекті мәселелер туралы кеңінен ақпарат берді.
Сондай-ақ, «Мирас» колледжінің студенті Елдос Аширалиев «Таза табиғат және саналы қоғам: қоқысты сұрыптау арқылы экологияны сақтау» тақырыбындағы жобасын таныстырса, Авиценна атындағы жоғары медициналық колледжінің студенті Айдана Барыс эковолонтерлік қозғалыстың қоғамдағы рөлі жөнінде ой бөлісті.
Бағдарлама аясында өткен «Экологтан сұра» ашық диалог алаңы қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Студенттер табиғатты қорғау саласының мамандарына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, экологиялық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1235800?lang=kk

Жауап қалдыру