“TURKISTAN – 2026: ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МҰРАСЫН ДӘРІПТЕУ ЖӘНЕ ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ» атты «ҚАЗАҚСТАН МӘСЛИХАТТАРЫ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ БІРЛЕСТІГІ» РҚБ мен ТҮРКІСТАН облыстық мәслихаты бірлесіп өткізген халықаралық конференция өтті.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ағымдағы жылдың 21 мамыр күні, Батыс Қазақстан облысының мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев Рахметұлы, Түркі әлемінің рухани астанасы – қасиетті Түркістан төрінде өткен “TURKISTAN – 2026: ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МҰРАСЫН ДӘРІПТЕУ ЖӘНЕ ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ» атты «ҚАЗАҚСТАН МӘСЛИХАТТАРЫ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ БІРЛЕСТІГІ» РҚБ мен ТҮРКІСТАН облыстық мәслихаты бірлесіп өткізген халықаралық конференцияға қатысты. Түркістан төрінде өткен маңызды халықаралық жиында Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы ретінде баяндама жасап, өңіріміздің тарихи-мәдени мұраларының бірі – «Жайық қалашығы» тарихи-мәдени музей-қорығы жобасын таныстырды. Сонымен қатар, «Хан Ордасы» музей-қорығы кешенінің рухани-мәдени маңызы мен өңір туризмін дамытудағы әлеуетіне ерекше тоқталды.

Баяндама барысында Алтын Орда дәуірінен сыр шертетін көне Жайық қалашығының тарихи құндылығы, археологиялық ерекшеліктері және ашық аспан астындағы музей қалыптастыру жоспары жан-жақты баяндалды. Аталған жобаның ішкі туризмді дамытудағы маңызы айтылып, оны республикалық деңгейде қолдау қажеттігі көтерілді. Жиын барысында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы модераторлық етіп, алқалы басқосудың маңызына тоқталды. Осы ретте, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Сансызбайұлы қатысушыларға құттықтау сөз арнап, өңірдегі тарихи-рухани жобалардың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы Төлеубек Төлеуұлы Мұқашев құттықтау сөз сөйлеп, мәслихаттар арасындағы өзара тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Іс-шара аясында қатысушылар «Turan» арнайы экономикалық аймағы аумағында болып, KAZAKHSTAN LIHUA ЖШС жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалармен танысты. Бұл бастамалар өңірдің өндірістік және экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі ретінде бағаланды.

Сондай-ақ, делегация «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы кешенін аралап, мәслихат төрағалары атынан құрбандық шалып, Құран бағыштады. Қатысушылар түркі дүниесінің рухани орталығы саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Рабия Сұлтан Бегім кесенесі тарихи нысандарында болып, тағылымды рухани сапар жасады. Түркі дүниесінің тұтастығы мен рухани үндестігін айшықтаған тағылымды басқосу бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсті. Бірлік пен татулықты дәріптеген мұндай маңызды кездесулердің мәні зор. Түркі әлемінің ынтымағы артып, игі бастамалар жалғасын таба берсін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-zko/press/news/details/1235622?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді