
Ағымдағы жылдың 12 маусым Астана қаласында «AMANAT» партиясының кезекті Съезі өтті. Оның қорытындысы бойынша партия мүшелері мемлекетті дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесін саралап, «Әділет» партиясының қосылуы туралы шешімді қолдады. Бұл бастама Мемлекет басшысының ел дамуының жаңа кезеңінде қоғамдық-саяси күштерді ортақ құндылықтар мен мақсаттар төңірегінде топтастыру жөніндегі үндеуіне қолдау ретінде қабылданды.
Съезд жұмысына еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар, Саяси кеңес мүшелері, Парламент депутаттары, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты. Делегаттардың жалпы саны 1500-ден асты. Аталған іс-шараға Әйтеке би аудандық мәслихатының төрағасы Б.Сейлханов қатысты.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалардың қоғам мен мемлекетті жаңғыртудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде тәуелсіздікті нығайту, халықтың әл-ауқаты мен бірлігін арттыру, ұлттық құндылықтарды сақтау негізгі басымдықтардың қатарында.
Съезд барысында елдің болашағына қатысты маңызды мәселелер қаралып, саяси күштердің бірігуі мен қоғамның тұрақты дамуына бағытталған ұсыныстар кеңінен талқыланды.
Съезд қорытындысы бойынша делегаттар «Әділет» партиясының қосылуына қатысты стратегиялық шешімді бірауыздан қолдап, елдің одан әрі дамуы мен Президент жүргізіп отырған реформаларды жүзеге асыру жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-aytekebi/press/news/details/1240931?lang=ru

Жауап қалдыру