
Шымкентте сауда инфрақұрылымын дамытуға бағытталған тағы бір ауқымды жоба іске қосылды. Қаланың Тассай елді мекенінен заманауи талаптарға сай бой көтерген FOOD CITY көтерме сауда орталығы өз жұмысын бастады. Көкөніс пен жеміс-жидек саудасын жүйелеп қана қоймай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа кешен алдағы уақытта мегаполистегі ірі логистикалық орталықтардың біріне айналмақ.
Жаңа сауда орталығының ашылуына қатысқан Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаевтың айтуынша бұл кешен тек кәсіпкерлер үшін емес, қарапайым тұтынушылар үшін де маңызды жаңалық, қолайлы сауда орталығы болмақ. Салтанатты шараға кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, белгілі спортшылар мен қала тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында көпшілікке ақ дастархан жайылып, құдайы ас берілді.
30 жылдан бері сауда саласында тәжірибе жинаған кәсіпкер, FOOD CITY базарының құрылтайшысы Сәбира Орманова жаңа жобаның басты мақсаты – сауда жүйесін реттеп, халыққа сапалы әрі қолжетімді өнім ұсыну екенін айтады.
Біз бұл базарды тек сауда орны ретінде емес, өңірдің азық-түлік айналымын жеңілдететін үлкен логистикалық орталық ретінде қалыптастырғымыз келеді. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан келетін көкөніс, жеміс-жидекпен қатар, отандық азық-түлік өнімдері де осында көтерме бағамен саудаланады. Тұтынушы күнделікті қажет өнімнің барлығын бір жерден таба алады. Ең бастысы – сапа мен қолжетімділікке басымдық беріп отырмыз, – дейді кәсіпкер.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1241029?lang=kk

Жауап қалдыру