
Түнгі рейдтер, браконьерлер және жүздеген метр заңсыз аулар. Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының өкілдері «Уылдырық шашу – 2026» және «Таза су айдындары» табиғат қорғау акцияларының қорытындыларын жариялады.
Тексеру жұмыстары барысында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 113 фактісі және балық аулау қағидалары талаптарының 125 рет бұзылғаны анықталды.
Ең жиі тіркелген құқық бұзушылықтар – балық аулаудың тыйым салынған құралдарын пайдалану және уылдырық шашу кезеңінде енгізілген шектеулерді сақтамау. Анықталған фактілер саны бойынша Бұқар жырау және Осакаров аудандары алдыңғы қатарда тұр. Бұл аумақтарда су айдындарының көп болуы және балықшылардың шоғырлануы жоғары екені атап өтілді.
Заңсыз айналымнан төрт шанышқы мен жалпы ұзындығы 75 метр болатын екі ау тәркіленді. Сонымен қатар заңсыз ауланған 45 келіден астам балық алынды. Бұдан бөлек, «Таза су айдындары» акциясы аясында су қоймаларының жағалау аумақтары тазартылып, заңсыз орнатылған 5,3 шақырым ау жиналды.

— Браконьерлер көбіне синтетикалық моноталшықтан жасалған тыйым салынған ауларды пайдаланады. Қазақстан аумағында оларды қолдануға да, сатуға да тыйым салынғанына қарамастан, мұндай фактілер әлі де анықталып жатыр. Тағы бір өзекті мәселе – көктемгі кезеңде, тасқын кезінде балық жайылмаларға шыққанда шанышқыларды қолдану. Мұндай құралдар балық қорының жаппай қырылуына әкеліп, үлкен зиян келтіреді. Біз тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргіземіз, оның ішінде сауда орындарымен де түсіндіру жұмыстарын өткізіп, синтетикалық аулардың сатылуына жол бермеуге күш саламыз, — деді Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Бекзат Махажанов.
Өрескел құқық бұзушылықтың 16 фактісі бойынша материалдар сотқа жолданды. Құқық бұзушыларға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген, ал заңсыз аулау құралдары тәркіленген.

— Рейдтік іс-шаралар кезінде, әсіресе түнгі уақытта, белгілі бір қиындықтар туындайды. Ең алдымен браконьерлерді анықтау және құқық бұзушылық фактілерін дәлелдейтін айғақтарды жинау оңай емес. Кей жағдайларда құқық бұзушыларды қууға және оларды ұстау үшін полиция қызметкерлерін тартуға тура келеді. Соған қарамастан бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді, — деп түсіндірді Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел топ жетекшісі Нұрлан Байжұманов.
Бүгінде инспекция қажетті техникамен толық қамтамасыз етілген. Қызметкерлердің қарамағында қызметтік автокөліктер, жүзу құралдары және дрондар бар. Олар профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттырып, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Балық шаруашылығы комитеті балық өнімдерінің заңды айналымын бақылауға арналған e-Fish ақпараттық жүйесін әзірледі. Қазіргі уақытта жүйеге барлық балық ресурстары туралы мәліметтер енгізілуде. Мониторинг балық ауланған сәттен бастап оны түпкі тұтынушыға сату кезеңіне дейінгі барлық үдерісті қамтиды.
Мамандар тұрғындарды балық аулау қағидаларын сақтауға, жағалауларда қоқыс қалдырмауға және заңсыз балық аулау деректері туралы хабарлап отыруға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1240438?lang=ru

Жауап қалдыру