
Бүгін, 16 маусым күні Ақтау қалалық қоғамдық кеңесі жанындағы комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында Ақтау қаласының экономика, бюджет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларындағы өзекті мәселелер қаралды.
Отырыс барысында комиссия мүшелері қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары бойынша жауапты мемлекеттік органдардың есептерін тыңдап, күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, Ақтау қаласындағы құрылыс жұмыстарының сапасы, жоспарланған нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беру, сондай-ақ урбанистикалық даму талаптарының сақталуы мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар қоғамдық кеңістіктерді дамыту, жағалау аумақтарын абаттандыру, демалыс орындарының санын арттыру, жер қатынастары саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу тетіктерінің тиімділігін жетілдіру бағыттары талқыланды.
Жиында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері де қарастырылып, қоғамдық көліктердің қозғалыс жиілігін арттыру және маршруттық желіні оңтайландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударылды.
Бұдан бөлек, спорт саласына бөлінген бюджет қаражатының тиімді игерілуі, басым спорт түрлері бойынша қол жеткізілген нәтижелер және спорт инфрақұрылымының қазіргі жай-күйі сараланды.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері көтерілген мәселелерге қатысты өз ұсыныстарын білдіріп, жауапты мекемелерге тиісті ұсынымдар жолдау туралы шешім қабылдады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1241931?lang=ru

Жауап қалдыру