«Арлан» алаңында спорт саңлақтары бас қосты: Полиция күніне арналған волейбол турнирі өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Полициясы күні қарсаңында «Арлан» спорт клубында құқық қорғау және күштік құрылымдар қызметкерлері арасында волейболдан дәстүрлі турнир ұйымдастырылды. Спорттық шара қызметкерлер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға және командалық рухты арттыруға бағытталды. Турнирге сегіз команда қатысты. Атап айтқанда, Қарағанды облысы Полиция департаментінің, Қарағанды облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы академиясының, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, Төтенше жағдайлар департаментінің, Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция басқармасының және «Арлан» спорт клубының командалары өзара бақ сынасты. Жарыс барысында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, шеберлік пен ұйымшылдықты көрсетті. Әрбір ойын тартысқа толы өтіп, әсерлі шабуылдар, дәл тосқауылдар мен нәтижелі комбинациялар көрермендердің қызығушылығын арттыра түсті. Командалар жеңіс жолында бар күш-жігерін салып, спорттық бәсекенің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты. Турнир қорытындысы бойынша үздік ойыншылар арнайы марапаттарға ие болды. Қарағанды облысы бойынша ҰҚК департаментінің ойыншысы Нұрдос Зияда «Үздік байланыстырушы» атанса, Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Нұрлихан Абдуллаев «Үздік тосқауыл қоюшы» номинациясын жеңіп алды. Оның командаласы Нұрсұлтан Бөгенбай «Үздік шабуылшы» деп танылды. Ал Қарағанды облысы Полиция департаментінің ойыншысы Саржан Аханақов турнирдің «Ең нәтижелі ойыншысы» атанып, жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті. Финалдық кездесулердің нәтижесінде жүлделі орындар анықталды. Үшінші орын «Арлан» спорт клубының командасына бұйырса, екінші орынды Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құрамасы иеленді. Ал тартысты додада үздік нәтиже көрсеткен Қарағанды облысы Полиция департаментінің командасы жеңімпаз атанып, турнирдің бас жүлдесін қанжығасына байлады. Мұндай спорттық шаралар қызметкерлер арасында өзара ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ кәсіби мереке қарсаңында көтеріңкі көңіл-күй қалыптастыруға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1241820?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді