
Қазақстанда әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған мемлекеттік гранттар бағдарламасы іске асып жатыр. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Олжас Омар мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Грант жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға арналған және көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін өтеусіз қаржыландыру алуға мүмкіндік береді. 2026 жылы бұл сома 1 730 000 теңгені құрайды. Спикердің айтуынша, грант қаражаты қайтарымсыз негізде беріледі, шағын бизнесті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ете отырып, өз кәсібін бастағысы келетін кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған.
«Грант қаражаты нақты мақсаттарға ғана пайдаланылады. Қаражатты қолма-қол ақшасыз түрде кәсіп жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар мен техникаларды сатып алуға, мал, тұқым мен көшет алуға, өндірістік үй-жайларды жалға алу және бизнес-жобаны жүзеге асыруға қажетті өзге де шығындарды өтеуге жұмсауға болады.
Бұл ретте заңанамада бірқатар шектеулер көзделген. Грант қаражатын жеке қажеттіліктерге, тұрғын үй сатып алуға, несие немесе басқа да қарыздарды өтеуге пайдалануға тыйым салынады.
Грантқа әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үміткер бола алады. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылған азаматтар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар, мүгедектігі бар азаматтар, қоныс аударушылар және қандастар бар», – дейді спикер.
Оның айтуынша, бағдарламаға қатысу үшін өтінім беруші бірнеше міндетті талапқа сәйкес келуі тиіс. Өтінім тапсырған кезде азамат ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі не бір жылдан аз уақыт бұрын ашылған жеке кәсіпкерлігі болуы қажет.
Сонымен қатар, соңғы үш жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтағаны туралы сертификаты болуы міндетті шарт болып табылады. Сондай-ақ, өтінім беруші жоба сипаттамасы, қаржылық есептері мен болжанатын нәтижелерін қамтитын бизнес-жоспар дайындауы тиіс.
Өтінім берушілерді тексеру мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Кейбір жағдайларда портал өтінімді комиссияның қарауынсыз автоматты түрде кері қайтарады.
«Еңбек шарты бойынша ресми жұмысы бар азаматтар, несиелері бойынша мерзімі өткен берешегі бар тұлғалар, сондай-ақ бұрын жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары шеңберінде мемлекеттік грант немесе микрокредит алған азаматтарға грант беруден бас тартылады.
Сонымен қатар банкрот деп танылған азаматтар, зейнеткерлер, сондай-ақ өтінім бергенге дейін алты ай ішінде жеке кәсіпкерлігін жапқан тұлғалар да қатыса алмайды. Егер таңдалған бизнес түрі ресми лицензиялауды талап еткен жағдайларда лицензияңыз болмаса да бас таруға негіз болады.
2026 жылдан бастап мемлекеттік грант алушылар үшін бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға және кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға бағытталған қосымша талаптар енгізілді. Негізгі жаңашылдықтың бірі – жобаларды мониторингілеу мерзімінің ұзаруы», – дейді орталық басшысы.
Бұрын бизнес идеяларды іске асыруды бақылау бір жыл бойы жүргізілсе, енді бұл мерзім 24 айды құрайды.
Грант алған кәсіпкер алғашқы 18 ай ішінде кемінде бір жаңа жұмыс орнын ашып, Мансап орталығы жіберген азаматты тұрақты жұмысқа қабылдауы тиіс.
Сондай-ақ грант алушылар жобаны іске асыру барысы туралы тұрақты түрде есеп беруге міндетті. Есепті екі жыл бойы әр үш ай сайын business.enbek.kz порталы арқылы беру қажет.
Тағы бір жаңашылдық – ақпараттың ашықтығын арттыру. Грант иегерлері, жүзеге асырылып жатқан жобалар және құрылған жұмыс орындары туралы мәліметтер жыл сайын 10 сәуірге дейін ашық түрде жарияланып отырады.
Бағдарламаға қатысушыларды іріктеу рәсімі қабылданған шешімдердің ашықтығы пен объективтілігін қамтамасыз етуге негізделген.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1242739?lang=ru

Жауап қалдыру