Атырауда теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары жалғасуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, онда теміржол инфрақұрылымын жаңғырту және халыққа көрсетілетін көлік қызметінің сапасын арттыру мәселелері қаралды. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірге жүзеге асырылып жатқан 9 теміржол вокзалын салу және қайта жаңғырту жобасы жайында баяндады.

Өңір басшысының айтуынша, Атырау, Мақат, Жамансор және Мұқыр вокзалдарында қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Ал Исатай, Доссор, Аққыстау, Сағыз және Құрманғазы елді мекендерінде ескі ғимарат орнына жаңа вокзалдар бой көтеруде. Жоба аясында ғимараттардың қасбеттері жаңартылып, инженерлік және санитарлық-техникалық желілер толық ауыстырылады, сондай-ақ заманауи жарықтандыру мен навигация жүйелері орнатылады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны — 10,7 млрд теңге.

– Бүгінде төрт вокзал қайта жаңғыртылып жатыр. Атыраудың орталық теміржол вокзалындағы жұмыстарды жыл аяғына дейін тәмамдау жоспарланған. Исатай, Жамансор және Мұқыр станцияларындағы құрылыс биылғы қыркүйекке дейін бітеді. Ал Мақат, Сағыз, Доссор, Аққыстау және Ганюшкино станцияларындағы нысандарда жоба толық іске асты, қазіргі таңда оларды пайдалануға беру бойынша жұмыс жүріп жатыр, – деді С. Шәпкенов.

Кедергісіз орта құруға ерекше назар аударылуда. Ғимараттарда пандустар, заманауи санитарлық тораптар, ана мен бала бөлмелері және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған демалыс аймақтары қарастырылған. Алдағы уақытта көтергіш платформалар мен қосымша инфрақұрылым орнату жоспарлануда.

Атырау облысында 16 теміржол вокзалы бар, барлығы «Қазақстан темір жолы» АҚ балансында. Олардың көпшілігінде соңғы күрделі жөндеу 2004 жылы жүргізілген, ал Атырау қаласындағы вокзал 2015 жылы күрделі жөндеуден өткен.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1241702?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді