
Ақтау қаласының мәслихаты мен әкімдігі, сондай-ақ қалалық Ардагерлер ұйымы, мемлекет және қоғам қайраткері, өңірдің қоғамдық-саяси дамуына сүбелі үлес қосқан, ел мүддесін биік қойған, білікті басшы, парасатты азамат Рзаханов Асқар Киікбайұлының дүниеден өтуіне байланысты оның туған туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.
Асқар Киікбайұлы 1961 жылы Түпқараған ауданы, Қаңға ауылында дүниеге келген. Саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған ол 1984 жылы Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті) инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдап, 2001 жылы Орта Азия университетінде заңгер мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды.
Еңбек жолын 1978 -1979 жылдары Форт-Шевченко қаласындағы «Маңғышлакрыбхолодфлоты» мекемесінде бірінші разрядты машинист болып бастады. 1984–1986 жылдары Маңғышлақ барлау-бұрғылау басқармасында моторист, 1986-1987 жылдары сол мекемеде комсомол комитетінің хатшысы, 1987–1988 жылдары Мұнайлы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1988–1990 жылдары Атырау облысы Ембі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1990–1991 жылдары Маңғыстау облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды.
1991–1995 жылдары Маңғыстау облысының Жастар мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы, 1995–1997 жылдары Маңғыстау аймақтық баға және монополияға қарсы саясат комитеті төрағасының орынбасары, 1998–2002 жылдары Маңғыстау облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.
2002-2008 жылдар аралығында Маңғыстау облыстық ішкі саясат департаментінің директоры болып еңбек етті.
2008-2009 жылдары «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалының бірінші орынбасары қызметінде болды.
2009-2012 жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының әлеуметтік және әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары, 2012-2013 жылдары «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директорының әлеуметтік және әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары, бас директоры қызметтерін атқарды.
2013-2018 жылдары Маңғыстау облысы әкімі аппаратының басшысы ретінде өңірдің қоғамдық-саяси дамуына елеулі үлес қосты.
Өмірінің соңғы жылдарында өзінің мол тәжірибесін өндіріс саласына арнап, 2018-2019 жылдары «Су өндіру және тасымалдау департаменті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры,
2019-2022 жылдары «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының вице-президенті қызметінде жүріп, Маңғыстау облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағалығын да қоғамдық негізде атқарды.
Мемлекет пен қоғам алдындағы адал еңбегі жоғары бағаланып, 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен және 2007 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2018 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Жерлестері мен әріптестері оны бүкіл қажыр-қайратын ел мұраты мен халық игілігіне арнаған байыпты басшы, іскер ұйымдастырушы әрі парасатты азамат ретінде әрдайым жоғары бағалап, ерекше құрмет тұтты.
Орны толмас ауыр қазаға байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстары мен жақын-жуықтарына, әріптестері мен барша маңғыстаулықтарға қайғыра көңіл айтамыз.
Асқар Киікбайұлының жарқын бейнесі, өнегелі өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі туған-туыстарының, әріптестерінің және барша маңғыстаулықтардың жүрегінде мәңгі сақталады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1242685?lang=ru

Жауап қалдыру