
17 маусым күні Қарақия ауданының орталығы-Құрық ауылында жергілікті тұрғындардың қатысуымен маңызды есеп беру жиыны өтті. Жиында Құрық ауылының әкімі Сыдиық Есенкелдіұлы 2026 жылдың алғашқы бес айында атқарылған әлеуметтік-экономикалық жұмыстардың қорытындысын жария етіп, елді мекенді дамытудың алдағы кезеңге арналған нақты жоспарларымен бөлісті.
Өз баяндамасында ауыл басшысы инфрақұрылымды жаңғырту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында іске асқан бірқатар ауқымды жобаларға егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Инфрақұрылымдық жаңарулардың қатарында ең алдымен ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары алдыңғы шепке шықты. Мәселен, Т. Алиев көшесінде орналасқан тоқ тарату желісінің айналасына жаңадан заманауи қоршау орнатылды. Бұл нысан «МРЭК» АҚ Қарақия аумақтық бөлімшесінің мамандары тарапынан толықтай құлыпталып, қауіпті аймақтың оқшаулануы мен қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы жүзеге асырылды. Мұнымен қоса, Құрық ауылының ауыз су тарату бекеті мен оның құрамындағы су сақтау қоймаларының аумағы толықтай заманауи жарықтандыру жүйесімен қамтылды. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды тұрақты электр энергиясымен қамту мақсатында ауыл ішіндегі жарықтандыру желілеріне түсетін жүктемелер азайтылып, қосымша тоқ жүйелері сәтті орнатылды.
Сондай-ақ, аудандағы ең өзекті әрі стратегиялық мәселелердің бірі-халықты сапалы және үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету екені белгілі. Осы түйткілді оңтайлы шешу бағытында ауылдың су тарату бекеті аумағынан сыйымдылығы 2000 текше метрді құрайтын 2 дана су сақтау қоймасының құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта аталған маңызды инженерлік нысанды іске қосу және ретке келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, бұл алдағы уақытта ауылды сумен қамту көрсеткішін айтарлықтай жақсартпақ.
Бұдан бөлек, Ауылдың сәулеттік келбетін жақсарту мен экологиялық ахуалын оңалту мақсатында «Маңғыстау геология барлау кешенді экспедициясы» саябағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Саябақ аумағының жер бедері арнайы техникалық құрылғылармен қопсытылып, толықтай жасыл газон егілді. Мұнда 500 дана жеміс ағашы мен 200 дана түрлі-түсті гүл отырғызылып, оларды күтіп-баптау үшін арнайы суару жүйесі тартылды және заманауи су айдау құрылғысы іске қосылды. Сондай-ақ, демалыс орнының көркіне көрік қосатын декоративті жарық шамдары орнатылып, саябақ тұрғындардың серуендейтін жайлы мекеніне айналды.
Осы тектес ауқымды абаттандыру жұмыстары Мәдениет үйінің алдынан аудан әкімдігіне дейінгі аумақты қамтып жатқан орталық Жастар саябағында да жалғасын табуда. Күні бүгінге дейін мұндағы ескі элементтерді демонтаждау, яғни бұзу жұмыстары толықтай аяқталып, негізгі құрылыс кезеңі басталып кетті. Жоба аясында саябақ аумағына заманауи үлгідегі 3Д брусчатка төселіп, жаңа стильдегі жарық шамдары мен ыңғайлы орындықтар қойылады деп жоспарланған.
Есеп беру кездесуінің қорытынды бөлімі дәстүрлі түрде ашық диалог форматында өрбіді. Ауыл тұрғындары тарапынан жергілікті маңызы бар түрлі өзекті сұрақтар қойылып, елді мекенді дамытудың өзге де өзекті мәселелері ортаға салынды. Жиын барысында айтылған ұсыныстар мен арыз-шағымдар ескеріліп, алдағы уақытта атқарылатын іс-қимылдардың басым бағыттары ретінде назарға алынды.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1242923?lang=ru

Жауап қалдыру