«СҰРАҚ–ЖАУАП» АЙДАРЫ Мүгедектігі бар адамдарды ТЕХНИКАЛЫҚ ОҢАЛТУ ҚҰРАЛДАРЫМЕН өтеусіз пайдалану

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Неліктен Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды ТЕХНИКАЛЫҚ ОҢАЛТУ ҚҰРАЛДАРЫМЕН өтеусіз пайдалану және қайтару шарты негізінде қамтамасыз ету жөніндегі пилоттық жоба іске қосылуда? Бұл пилот қазіргі жүйедегі қандай мәселелерді шешуге бағытталған?

Пилоттық жоба техникалық оңалту құралдарының қолжетімділігін арттыруға, күту мерзімін қысқартуға және жүйеде бар ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған. Тәжірибеде пайдаланушының қажеттілігі өзгергенде, құрал ауыстырылғанда немесе өзге де өмірлік жағдайларға байланысты техникалық тұрғыдан әрі қарай қолдануға жарамды болып қалатын техникалық оңалту құралдары кездеседі. Бұған дейін қолданыстағы жүйеде оларды қайтару, қалпына келтіру және қайта беру тетігі толық қалыптаспаған болатын.

Пилоттық жоба резервтік қор қалыптастыру тетігін, техникалық бағалау, жөндеу, залалсыздандыру және жабдықты шұғыл ауыстыруды қажет ететін адамдарға уақытша беру жүйесін тәжірибелік түрде сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.

Неліктен апробация үшін  Қарағанды, Павлодар және Ақтөбе облыстары таңдалды?

Өңірлер техникалық оңалту құралдарына деген қажеттілік көлемі, ұйымдастырушылық дайындық деңгейі, филиалдық инфрақұрылымның болуы, кадрлық әлеует және жобаны барлық кезеңде сүйемелдеу мүмкіндігі ескеріле отырып айқындалды.

Техникалық оңалту құралдарын жалға беру пункті тек құрал тарататын орын ба, әлде толыққанды сүйемелдеу жүйесі ме?

Жалға беру пункті тек құрал беру орны емес, кешенді сүйемелдеу жүйесінің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Онда техникалық оңалту құралдарын қабылдау және қайтару, техникалық тексеру, консультациялық қолдау, жабдықтың жай-күйін бақылау және адамды уақытша қажетті құралмен қамтамасыз ету көзделеді.

 

Қандай техникалық оңалту құралдары қайта пайдаланылуы мүмкін?

Қайта пайдалану тек техникалық қалпына келтіру, залалсыздандыру және жаңа пайдаланушыға бейімдеуден қауіпсіз өте алатын жекелеген құрал түрлеріне ғана қолданылады. Әрбір бұйым бойынша шешім әлеуметтік-техникалық сараптама қорытындысы негізінде қабылданады. Санитарлық, техникалық немесе пайдалану шектеулері бар жеке пайдалануға арналған құралдар қайта қолданылмайды.

 

Іс жүзінде қайтару, тексеру және қайта беру қалай жүргізіледі?

Қайтарылғаннан кейін әлеуметтік-техникалық сараптама жүргізіледі. Оның барысында құралдың техникалық жай-күйі, қауіпсіздігі және қалпына келтіру мүмкіндігі бағаланады. Қажет болған жағдайда жөндеу, техникалық қызмет көрсету және залалсыздандыру жүргізіледі. Осыдан кейін ғана резервтік қорға енгізіліп, басқа пайдаланушыға беріледі.

Әрбір құрал міндетті техникалық бағалаудан өтеді. Қайта беру қауіпсіздігі мен пайдалану талаптарына сәйкестігі расталған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Пилоттың маңызды міндеттерінің бірі – жөндеу, ауыстыру немесе жаңа құралды күту кезеңінде уақытша қамтамасыз ету механизмін қалыптастыру.

 

Қайта пайдалану жүйесі бюджет үнемдеу құралына айналып кетпей ме?

Жобаның мақсаты – қаражатты үнемдеу емес, бірінші кезекте техникалық оңалту құралдарының қолжетімділігін арттыру және күту уақытын қысқарту. Қайта пайдалану тек қауіпсіздігі дәлелденген жағдайда ғана мүмкін болады. Заңнамада көзделген жағдайларда жаңа құрал алу құқығы сақталады.

 

Пилоттық жоба неге барлық тетіктер толық әзірленбей тұрып іске қосылуда? Және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алмауына кепілдік бар ма?

Пилоттық формат нақты тәжірибеде тәуекелдерді анықтап, жүйені ауқымды енгізуге дейін жетілдіру үшін қажет. Жоба қорытындысы бойынша тәсілдер мен рәсімдер қайта қаралуы мүмкін.

Негізгі бағыттардың бірі – техникалық оңалту құралдарының есебін және қозғалысын цифрландыру. Ашық есеп жүргізу және барлық кезеңдерді тіркеу адам факторын азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.

 

Халықаралық тәжірибе бар ма?

Иә. Мұндай тәжірибе мәселен Франция мен Германияда тұрақты әрі атаулы оңалту модельдері аясында қолданылады.

 

Резервтік қордағы құралдардың цифрлық есебі қалай жүргізіледі?

Барлық құралдар бойынша қозғалыс, техникалық жағдайы, пайдалану мерзімі, жөндеу және беру кезеңдері тіркеледі. Әр құралға жеке есептік нөмір беріледі.

 

Қайта беру кезінде жеке бейімдеу қалай қамтамасыз етіледі?

Мамандар құралдың нақты пайдаланушының антропометриялық, функционалдық және оңалту қажеттіліктеріне сәйкестігін бағалайды. Қажет болса қосымша реттеу жүргізіледі. Жеке оңалту және абилитация бағдарламасы, физикалық параметрлер мен қозғалу деңгейі ескеріледі.

 

Балаларға арналған жеке резерв қарастырыла ма?

Балалардың өсу ерекшеліктері мен құралдарды жиі ауыстыру қажеттілігі ескеріліп, бұл мәселе пилот барысында қосымша бағаланады.

Әлеуметтік-техникалық сараптама кезінде дәрігер-реабилитолог жалға беру пунктінде қажетті өлшемдерді жүргізіп, қосымша анықтамасыз сәйкестікті бағалай алады.

 

Әлеуметтік-техникалық сараптама (ӘТС) дегеніміз не?

Әлеуметтік техникалық сараптама – техникалық оңалту құралдарының, соның ішінде кресло-арбалардың, мүгедектігі бар адамның жеке қажеттіліктеріне сәйкестігін кешенді бағалау.

Мақсаты – қауіпсіз, тиімді пайдалануды қамтамасыз ету, қамтамасыз етудің үздіксіздігін сақтау және сараптаманың ашық жүйесін қалыптастыру.

Негізгі қағидаттары: қауіпсіздік басымдығы, жеке тәсіл, объективтілік, кешенді бағалау, санитариялық қауіпсіздік, ашықтық, цифрлық есеп және ресурстарды ұтымды пайдалану.

 

Әлеуметтік техникалық сараптама Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамыту ғылыми орталығы жанындағы әлеуметтік-техникалық сараптама комиссиясымен жүргізіледі.

Комиссия құрамына медициналық және техникалық мамандар, өндірушілер өкілдері, жергілікті атқарушы органдар және өзге сарапшылар кіреді.

Сараптамаға негіз болатын жағдайлар: ауыстыру мерзімінің аяқталуы, мерзімінен бұрын жөндеу немесе ауыстыру қажеттілігі, антропометриялық өзгерістер, мүгедектіктің алынуы немесе адамның қайтыс болуы.

 

Резервтік қор қалай қалыптасады?

Резервтік қор – пайдалану мерзімі аяқталмаған, жарамды техникалық оңалту құралдарының жиынтығы. Ол қайтарылған құралдар, қайырымдылық және заңмен тыйым салынбаған өзге көздер есебінен қалыптасады.,

Қайта берер алдында барлық құралдар техникалық бағалаудан, санитариялық өңдеуден және қажет болған жағдайда жөндеуден өтеді.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1242932?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді