
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы «Дара ұрпақ» инклюзивті театрына арнайы барып, ұжыммен және жас өнерпаздармен кездесті.
Жылы әрі әсерлі жағдайда өткен жүздесуде театрдың жас өнерпаздары өнерлерін көрсетсе, театрдың құрылтайшылары Ербол Көкенов пен Рухабза Қалдарбек балалардың атынан өңір басшылығына алғысын айтып, жетістіктерін бөлісті. Өнерге баулып жүрген педагогтарды таныстырып, еңбектеріне тоқталды.
Кездесу барысында облыс әкімі ерекше балаларға қолдау білдіріп, театр ұжымына заманауи музыкалық аппаратураны сыйға тартты.
Ата-аналар ерекше балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға жасалған жағдайлар үшін өңір басшылығына алғыстарын жеткізді.
Айта кетейік, «Дара ұрпақ» инклюзивті театры ресми түрде 2025 жылғы 17 желтоқсанда ашылды. Облыс әкімдігінің қолдауымен юнклюзивті театрға қажетті ғимарат берілді. Былтыр ашылған театр бүгінде өңірдегі ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастарды өнер арқылы әлеуметтендірудің тиімді алаңына айналып отыр. Бұл – Түркістан облысындағы тұңғыш инклюзивті театр әрі Қазақстанда аралас диагнозы бар балалармен кәсіби деңгейде жұмыс істейтін алғашқы бірегей ұжымдардың бірі. Театрдың негізгі мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін ашып, олардың қоғамға толыққанды араласуына мүмкіндік жасау.
Бүгінде театрда Даун синдромы, аутизм және РАС, церебралды сал ауруы, сөйлеу қабілеті бұзылған 100-ге жуық ерекше бала өнермен айналысады. Актерлік шеберлік, вокал, хореография, пара би бағыттарымен қатар, мұнда психологтар, нейропсихологтар, невропатологтар, дефектологтар және АВА-терапевтерден құралған кәсіби мамандар қызмет көрсетеді.
Кездесу барысында облыс әкімі театрдың алдағы жоспарларымен де танысты. Болашақта ұжым Түркістан облысының аудандарында гастрольдік сапарлар ұйымдастырып, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларында өнер көрсетуді көздеп отыр. Сондай-ақ Қазақстандағы ерекше балалардан құралған тұңғыш оркестрді құру жоспары бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1242019?lang=kk

Жауап қалдыру