
Бүгін Түркістан қаласындағы «Жібек Жолы» саябағында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған «Тәртіпке тартыл» атты «TUR WORKAUT» облыстық турнирінің Түркістан қалалық іріктеу кезеңі жоғары деңгейде өтті.
Турнирдің ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бөлім басшысы Абай Бауыржанұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Олар жарысқа қатысушы жастарды заңды құрметтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен белсенді айналысуға шақырды.
Спорттық шараға 200-ге жуық жас спортшы қатысып, күш пен ептілікті, шыдамдылық пен шеберлікті талап ететін жаттығулар бойынша бақ сынасты. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, тартысты бәсекеде өзара мықтыны анықтады.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар облыстық кезеңге жолдама алды. Атап айтқанда, 14–20 жас санатында Элдар Манапов, 21–28 жас санатында Тұрарбек Бексұлтан, Нұрсұлтан Рысқұлов және Оспан Болат, ал 29–35 жас санатында Орынтай Нұрболат пен Нұрсұлтан Жұмаділә өңірлік жарыста Түркістан қаласының намысын қорғайтын болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық жобалар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, тәртіп пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеуге оң әсер етеді. Осыған байланысты аталған жарысты алдағы уақытта тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1242021?lang=kk

Жауап қалдыру