
Қазақстан полициясы күні қарсаңында Қарағанды облысы Полиция департаментінде саланың тарихы мен игі дәстүрлерін дәріптеуге бағытталған тағылымды іс-шаралар өтуде. Соның бірі – Департаменттің Жауынгерлік және еңбек даңқы музейінде ұйымдастырылған ақпараттық-техникалық қызмет ардагерлерімен кездесу кеші болды. «Ант пен Отанға адалбыз» атты кездесу полиция қызметінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерді бір шаңырақ астына жинады. Іс-шараның басты мақсаты – аға буынның өнегелі жолын жастарға үлгі ету, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайту және қызметтің үздік дәстүрлерін дәріптеу. Кездесуде Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Қақажанов ардагерлердің құқық қорғау жүйесін дамытудағы ерекше еңбегін атап өтті. – Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз, өмірлік тәжірибелеріңіз, қызметке деген адалдықтарыңыз бен отансүйгіштік қасиеттеріңіз жас буын үшін әрдайым үлгі. Ақпараттық қызметтің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлестеріңіз, білікті мамандарды тәрбиелеудегі еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық, – деді ол. Сондай-ақ мұндай кездесулердің жас қызметкерлердің бойында патриоттық рухты қалыптастырып, полиция қызметінің үздік дәстүрлерін сақтауға ықпал ететінін жеткізді. Шара барысында кәсібіне адалдық танытып, қазақстандық полицияның дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлерге Департамент басшылығының атынан алғыс хаттар табысталды. Құрметті қонақтар қатарында Наталья Адюкина, Қарғаш Адамбекова, Мирослав Курус, Алексей Сергеев, Евгений Мусин, Мәди Шанов және Өмірзақ Рысбеков болды. Бұл азаматтар құжат айналымын цифрландыру мен байланыс жүйесін жетілдірудің бастауында тұрған, ақпараттық-техникалық қызметтің негізін қалаған мамандар ретінде тарихта өз іздерін қалдырды. Олардың қажырлы еңбегі мен мол тәжірибесі бүгінгі заман талабына сай ақпараттық-техникалық қызметтің қалыптасуына берік негіз болып, кейінгі буын үшін баға жетпес мұраға айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1241816?lang=ru

Жауап қалдыру