Абай облысында сотталған әйелдердің ата-ана құқықтарын қалпына келтіру және отбасылық байланыстарды сақтау жобасы жүзеге асырылуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

         

           Абай облысында Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастықты кеңейтіп, сотталған әйелдерді қолдауға және балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда. Осындай бастамалардың бірі – «Ана үйі» қоғамдық қорының өңірлік өкілдігімен әріптестік.

           «Ана үйі» қоры мен Абай облысы бойынша ҚАЖ департаменті ата-ана құқықтарын қалпына келтіру және бас бостандығынан айыру орындарындағы әйелдерді қайта әлеуметтендіру бағытында күш біріктіруде. Жоба сотталған әйелдердің отбасылық байланыстарын сақтауға және әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға бағытталған.

           Ынтымақтастық аясында балалардың құқықтарын қорғауға және олардың отбасында тәрбиеленуіне ерекше назар аударылады. Сотталған әйелдермен кездесулер барысында баланың отбасында өсу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Интернаттық мекемелердегі балаларды, аналардың келісімімен және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде, жақын туыстарына орналастыру мүмкіндіктері қарастырылады.

          Бұл бастама Мемлекет басшысы жариялаған гуманизация саясаты мен отбасылық құндылықтарды нығайту бағытының жалғасы болып табылады. 2025 жылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент пенитенциарлық жүйеде адам құқықтарын сақтау қажеттігіне, соның ішінде әйелдердің ұсталуы жағдайларын жақсартуға және олардың қоғамға сәтті қайта бейімделуіне ерекше назар аударды.

              – Мемлекет басшысының саясаты нақты бағытты айқындайды: жаза қоғамнан және отбасынан толықтай ажырау дегенді білдірмеуі тиіс. Біздің міндетіміз – қателік жіберген әйелдің балаларымен байланысын үзбеуіне жағдай жасау. Мемлекет пен азаматтық сектордың ресурстарын біріктіре отырып, біз әйелдерге тек үміт беріп қана қоймай, олардың толыққанды ана рөліне қайта оралуына нақты мүмкіндіктер ұсынамыз, – деді Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Ғалымжан Балтабаев.

              – Біздің мақсатымыз – бір реттік көмек көрсетумен шектелмей, әйелдің өз отбасын қалпына келтіруіне, өзіне деген сенімін арттыруына және толыққанды өмірге оралуына жағдай жасау. Ата-ана құқықтарын қалпына келтіру, отбасылық байланыстарды сақтау және кешенді қолдау – балалардың әл-ауқатының негізгі кепілі. Біз әйелдерді әр кезеңде – құжаттарды дайындаудан бастап психологиялық оңалтуға дейін сүйемелдеп, саналы ана болуға және бостандыққа шыққаннан кейін табысты бейімделуіне көмектесеміз, – деп атап өтті «Ана үйі» қоғамдық қорының Абай облысы бойынша өңірлік өкілі Нуртазтина Айнагүл.

               Абай облысы бойынша ҚАЖ департаменті мен «Ана үйі» қорының ынтымақтастығы отбасы институтын нығайту және балалардың туған отбасында тәрбиелену құқығын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудағы маңызды қадам болмақ.

Начало формы

 

Конец формы

 

             

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duisabai/press/news/details/1244240?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді