Алматы облысында мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Кедергісіз орта қалыптастыру және мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін бейімдеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Осы бағыттағы маңызды құралдардың бірі – «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталы және Қолжетімділік интерактивті картасы. Олар азаматтарға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және басқа да әлеуметтік маңызы бар мекемелердің қолжетімділігі туралы өзекті ақпарат алуға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар объектілердің сипаттамаларымен танысып, пікірлер мен ұсыныстар қалдырып, жүргізілген бейімдеу жұмыстарының сапасына баға бере алады.

«Amanat» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру аясында өңірде Қолжетімділік интерактивті картасына енгізілген объектілерді кезең-кезеңімен бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте кіреберіс топтарын жабдықтауға, пандустар мен көтергіш құрылғылар орнатуға, санитарлық-тұрмыстық бөлмелерді бейімдеуге, арнайы автотұрақ орындарын, тактильді бағыттаушыларды және кедергісіз ортаның басқа да элементтерін жасауға ерекше назар аударылуда.

Бүгінгі таңда Алматы облысы бойынша Қолжетімділік интерактивті картасында 1439 объект туралы ақпарат орналастырылған. Оның ішінде 1118 объект қолжетімді, ал 321 объект ішінара қолжетімді ретінде белгіленген.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуына бақылау жүргізеді. Тексерулер мен профилактикалық бақылау шаралары азаматтардың әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қауіпсіз әрі дербес қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қолжетімді орта құру – бұл нормативтік талаптарды орындау ғана емес, сонымен қатар мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға, олардың қоғамдық өмірге толыққанды қатысуына, білім алуына, медициналық көмекке, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуіне және еңбек әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беретін маңызды қадам. Алматы облысында объектілердің қолжетімділігін одан әрі арттыру бойынша жұмыстар жалғасын табатын болады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-konaev/press/news/details/1243470?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді