
20 маусым күні таңғы сағат 08:00-ден бастап Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарының аумағында кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Жәрмеңкеге Ырғыз, Шалқар және Мәртөк аудандарынан келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, тұрғындарға табиғи әрі сапалы өнімдерін ұсынады. Сауда сөрелеріне жалпы көлемі 3 тонна ет және 1,5 тонна сүт өнімдері шығарылмақ. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсібін дамытып жүрген қатысушылардың өнімдері де ұсынылады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жәрмеңкеде сатылатын тауарлар нарықтағы бағадан орта есеппен 15 пайызға арзан болады. Бұл тұрғындардың сапалы азық-түлікті қолжетімді бағамен сатып алуына мүмкіндік береді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, мұндай жәрмеңкелер өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі саналады. Өйткені жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін тікелей тұтынушыларға ұсына алады. Сонымен қатар, жәрмеңкелер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға және отандық өндірістің дамуына оң әсер етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-auyl/press/news/details/1244020?lang=ru

Жауап қалдыру