
Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа технология алғаш рет «Астана – Қорғалжын» автожолында қолданылды.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға арналған жаңа технологияны сынақтан өткізуді бастады. Осы мақсатта «Астана – Қорғалжын» автожолының бір учаскесінде жол қызметтері люминесцентті бояумен тәжірибелік жол таңбасын салды.
Сынақ учаскесі автожолдың 23-шақырымында орналасқан. Бұл бағыт кездейсоқ таңдалған жоқ. Аталған жолда көлік қозғалысының қарқындылығы жоғары, сондай-ақ табиғи-климаттық жағдайлар жиі құбылып тұрады. Бұдан бөлек, соңғы үш жылда осы учаскеде алты жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Люминесцентті жол бояуының ерекшелігі – күндіз жарық энергиясын жинақтап, қараңғы уақытта оны қайта шығару қабілетінде. Соның арқасында жол таңбалары түнгі уақытта, жарық жеткіліксіз жағдайларда және жүргізушілер үшін қозғалыс бағытын алдын ала көру аса маңызды учаскелерде айқын көрінеді.
Дәстүрлі жол таңбасынан айырмашылығы – жаңа технология жолақтарды белгілеумен ғана шектелмей, жүргізушілерге қосымша визуалды бағдар береді. Бұл әсіресе жарықтандырылуы шектеулі қалааралық жолдарда, бұрылыстарда, жол айырықтарында және қауіпті учаскелерде ерекше маңызға ие.
Сынақ барысында «ҚазАвтоЖол» мамандары люминесцентті жабынның жарық шығару қарқындылығын, жауын-шашын мен температуралық өзгерістерге және көлік жүктемесіне төзімділігін бағалайды. Сонымен қатар жаңа таңбаның нақты пайдалану жағдайында жүргізушілердің жолды қабылдауына әсері зерделенеді.
«Біздің мақсатымыз – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттыруға тікелей ықпал ететін тиімді әрі заманауи шешімдерді енгізу. Люминесцентті жол таңбасы тәуекелі жоғары учаскелерде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік беретін қосымша құралдардың біріне айналуы мүмкін. Сынақ нәтижелері бойынша бұл технологияны республикалық маңызы бар өзге де автожолдарда қолдану мүмкіндігі қарастырылады», – деп атап өтті «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында.
Пилоттық жоба сәтті аяқталған жағдайда жаңа технология еліміздің басқа да автомобиль жолдарында кезең-кезеңімен енгізілуі мүмкін. Бұл Қазақстанның жол инфрақұрылымын жаңғырту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына заманауи шешімдерді енгізу бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1243130?lang=ru

Жауап қалдыру