Қазақстан ТЖМ елдегі су айдындарындағы қауіпсіздікті күшейтуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

   «Балаларды судағы қауіптен сақтаңыз» республикалық профилактикалық акциясы аясында Қазақстан ТЖМ бөлімшелері полиция қызметкерлерімен, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, әскери қызметшілермен және еріктілермен бірлесіп еліміздің су айдындарында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

  Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ТЖМ азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері де елеулі үлес қосуда. Ел бойынша қауіп деңгейі жоғары учаскелерде 9 топ құрамындағы 43 әскери қызметші қызмет атқаруда. Олар күн сайын 130 шақырымнан астам жағалау аумағын патрульдеп, шағын көлемді кемелердің қозғалысын бақылайды, демалушылар мен кеме иелері арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ жүзу құралдарының шомылу аймақтарына кіруіне жол бермеу шараларын қабылдайды.

  Астанада ТЖД қызметкерлері полиция және еріктілермен бірлесіп елорданың су айдындарында патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, демалушылармен профилактикалық әңгімелер өткізіп, қауіпсіздік қағидаларын сақтаудың маңыздылығын түсіндіруде. Осындай жұмыстар Абай, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және басқа да өңірлерде ұйымдастырылған. Сонымен қатар Каспий теңізінің жағалауында, Балқаш және Алакөл көлдерінде, Қапшағай және Бұқтырма су қоймаларында, Бурабай мен Баянауыл ұлттық парктерінде, сондай-ақ азаматтар көп демалатын өзге де орындарда профилактикалық рейдтер өткізілуде.

  Ақтөбе облысы ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп өзендер мен көлдерде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды, тексеру барысында рұқсат етілмеген орындарда шомылғаны үшін 11 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Батыс Қазақстан облысында 21 әкімшілік хаттама толтырылса, Жамбыл облысында кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырған 5 ата-анаға ескерту жасалып, тиісті шаралар қабылданды.

  Балалар мен жасөспірімдер арасындағы оқиғалардың алдын алуға ерекше назар аударылуда. Құтқарушылар мектеп түлектерімен, ата-аналармен және отбасылық демалысқа шыққан азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәмелетке толмағандарды су жағасында қараусыз қалдыруға және жабдықталмаған жерлерде шомылуға болмайтынын еске салуда. Рейдтік іс-шаралар барысында су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактілері анықталып, олардың жолы кесілуде. Тыйым салынған орындарда шомылғаны және қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тек жекелеген өңірлердің өзінде жүргізілген рейдтердің қорытындысы бойынша ондаған әкімшілік хаттама толтырылды.

  Қазақстан ТЖМ еске салады: судағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі жабдықталмаған орындарда шомылу, қарапайым қауіпсіздік қағидаларын елемеу, су айдындарында мас күйде болу және балаларды қараусыз қалдыру салдарынан орын алады. Тек ресми түрде рұқсат етілген жағажайларда шомылыңыздар, балаларды қараусыз қалдырмаңыздар, жүзу құралдарын пайдаланған кезде құтқару кеудешелерін киіңіздер және су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаңыздар.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1243903?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді