
Қызылорда облысы Арал ауданындағы №1 Индустриалды аймақта «Qazaq Camel» ЖШС-нің түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін жаңа зауыты іске қосылды.
Жобаның жалпы құны 3 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 1,8 млрд теңгесі жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылса, 1,2 млрд теңгесі кәсіпорынның жеке қаражаты есебінен салынған. Жоба аясында мемлекет тарапынан индустриалды аймақтан 1 гектар жер телімі берілген.
Өндірістік нысанның негізгі ғимараты мен технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстары толық аяқталып, зауыт алғашқы өнімдерін шығара бастады. Қазіргі таңда соңғы монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның қабылдау актісі қабылданған.
Қытай Халық Республикасынан жеткізілген заманауи қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын жылына 392 тонна құрғақ түйе сүті ұнтағын өндіруге қауқарлы. Өндірілген өнімнің 100 пайызы экспортқа бағытталады.
Зауыт тәулігіне 20 мың литрге дейін түйе сүтін өңдей алады. Шикізат қабылдау үшін 10 арнайы сыйымдылық орнатылып, бірнеше сүт тасымалдайтын автокөлік сатып алынған. Сұраныс көлемі артқан жағдайда кәсіпорын озық технологиялардың көмегімен өндіріс көлемін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруда.
Жоба толық қуатына шыққан кезде 23 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, экспортқа бағытталған өнім өндірісін дамытуға және жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
«Qazaq Camel» жобасы – Арал өңірінде агроөнеркәсіп саласын дамытуға, өңделген өнім көлемін арттыруға және отандық өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған маңызды инвестициялық бастама.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-aral/press/news/details/1244407?lang=ru

Жауап қалдыру