
Қарағанды облысында Мемлекет басшысының мемлекетке қайтарылған активтерді пайдалану жөніндегі тапсырмасын іске асыру жұмыстары жалғасуда. Балқашта бұл қаражат әуежайды қайта жаңғыртуға, көпбейінді аурухананы жаңғыртуға және балаларды оңалту орталығын күрделі жөндеуден өткізуге бағытталды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында Балқаштағы жаңартылған нысандарды аралап көрді.

Ірі жобалардың бірі – Балқаш қаласының көпбейінді ауруханасын жаңғырту. Бұл медициналық мекеме Балқаш, Приозерск қалаларының, Саяқ кентінің, сондай-ақ Шет және Ақтоғай аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мұнда жаңа қосымша ғимарат салынып, жоспарлы және шұғыл түрде жатқызылатын науқастар үшін бөлек кіреберістері бар қабылдау бөлімі ашылды.
Ауруханада жаңа операциялық бөлмелер мен заманауи медициналық жабдықтар орнатылды. Олардың қатарында ангиограф, магниттік-резонанстық және компьютерлік томографтар, нейрохирургиялық микроскоп бар. Бұл пациенттерді диагностикалау мен емдеу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті.


Балқашта 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталығына күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Заманауи медициналық жабдықтарды «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры жеткізді.

Орталықта сенсорлық және интерактивті бөлмелер, эрготерапия кабинеттері, гидромассаждық және иммерсиялық ванналар, тұз және шунгит шахталары ашылды.

Жабдықтардың бір бөлігі бұған дейін Балқашта мүлде қолданылмаған.

Орталық балалар церебралды сал ауруына шалдыққан, тірек-қимыл аппаратының сырқаттары бар және неврологиялық бұзылыстары кездесетін балаларға көмек көрсетеді.

— Қазіргі таңда бізде мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеуге арналған ең заманауи, жаңа әрі тиімді жабдықтар бар. Көптеген құрал-жабдықтар Балқашта бұрын-соңды болған емес. Біз штат құрамын толық жасақтап, Астанадан мамандар шақырдық, жергілікті қызметкерлерді оқытып, олардың біліктілігін арттыруды жалғастырып жатырмыз, — деді Балқаш көпбейінді ауруханасының директоры Серікбол Түсіпбеков.


Өзгерістер көлік инфрақұрылымын да қамтыды. Ауқымды қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін Балқаш әуежайы қайта іске қосылды.

Биылғы 1 маусымнан бастап ол Астана мен Алматыдан тұрақты рейстер қабылдап келеді. Бұл курорттық қаланың туристер мен өңір тұрғындары үшін қолжетімділігін арттырды.
Соңғы екі жарым жыл ішінде мұнда әуеайлақ инфрақұрылымы толық жаңартылып, рульдеу жолы мен перрон қайта жөнделді, заманауи техника сатып алынды. Сонымен қатар 1960-жылдары салынған аэровокзал ғимаратының тарихи келбеті сақталып қалды.
Әуежай аумағында туристік ақпараттық орталық та ашылды.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыста қайтарылған активтер есебінен маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл қаражат халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін нысандарға — денсаулық сақтау саласынан бастап көлік инфрақұрылымына дейінгі бағыттарға жұмсалып жатыр, — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1244586?lang=ru

Жауап қалдыру