Бақылау-касса машиналарын қолдану туралы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шал ақын ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы хабарлайды

 

Бақылау-касса машиналарын қолдану туралы

 

Құрметті салық төлеушілер!

 

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 110-бабының 1-тармағына сәйкес кәсіпкерлер ақшалай есеп айырысуларды жүзеге асыру кезінде деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын (онлайн БКМ) қолдануға міндетті. Қолданылатын БКМ үлгілері Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми интернет-ресурсында орналастырылған бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тізіліміне енгізілуі тиіс.

 

Баламалы түрде бағдарламалық кассаларды және интеграцияланған кассалық жүйелерді пайдалануға жол беріледі. Жалпыға ортақ телекоммуникация желілері жоқ елді мекендерде және орындарда деректерді беру функциясы жоқ БКМ қолдануға рұқсат етіледі.

 

Заңнаманың негізгі талаптарының бірі – сатып алушыға тауар, жұмыс немесе көрсетілген қызмет үшін жүргізілген есеп айырысудың толық сомасына фискалдық чекті міндетті түрде беру. Сатып алушының талабы бойынша чекте оның сәйкестендіру нөмірі (ЖСН/БСН) көрсетілуге тиіс.

 

Бұзушылықтар үшін жауапкершілік

 

Мемлекеттік кірістер органдары қолма-қол ақшамен және төлем карталарын пайдалану арқылы жүргізілетін есеп айырысулар кезінде БКМ қолданылуына бақылау жүргізеді.

 

Алғашқы бұзушылық үшін ескерту қарастырылған. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қолданылады:

 

– БКМ қолданбағаны, сондай-ақ ақаулы немесе тіркеу есебіне қойылмаған БКМ пайдаланғаны үшін 30-дан 50 АЕК-ке дейін айыппұл салынады (2026 жылы – 129 750 теңгеден 216 250 теңгеге дейін);

– чек бермегені немесе нақты есеп айырысу сомасына сәйкес келмейтін чек бергені үшін 20-дан 40 АЕК-ке дейін айыппұл салынады (2026 жылы – 86 500 теңгеден 173 000 теңгеге дейін).

 

Құрметті азаматтар! Егер сізге кассалық чек беруден бас тартылған жағдайда, сауда немесе қызмет көрсету нысаны орналасқан жердегі мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге құқығыңыз бар.

 

Бақылау-касса машиналарын жаңғырту және чектердегі деректерді дұрыс көрсету мәселелері бойынша кәсіпкерлер БКМ техникалық қызмет көрсету орталықтарына немесе фискалдық деректер операторларына жүгінуі қажет.

 

Шал ақын ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-shalakyn-afanasyev/press/news/details/1244372?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді