
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысында ең жауапты әрі маңызды мамандық иелеріне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Медицина қызметкерлерін ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады. Іс-шарада денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық көмектің сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және дәрігерлерді қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі екені атап өтілді.
Отандық медицинаны дамытуға қосқан үлесі және көп жылғы адал еңбегі үшін солтүстікқазақстандық медицина қызметкерлері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. «Парасат» ордені облыстық онкологиялық орталық директорының орынбасары Ермек Абдримовке табысталды. Кардиологиялық орталықтың директоры Асхат Молжігітов «Құрмет» орденімен марапатталды. Петропавл қаласының хирургтері Анатолий Пысин мен Жеңіс Айтмағамбетов «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Сондай-ақ дәрігерлерге ҚР Денсаулық сақтау министрінің атынан медальдар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Аққайың аудандық ауруханасының дәрігері Зулайхо Сайдахметова «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Іс-шара аясында 16 медициналық ұйымның басшыларына жаңа арнайы автокөліктердің кілті табысталды. Автопаркті жаңарту медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, әсіресе аудан тұрғындарына қызмет көрсетуді жақсартуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Медициналық нысандар салынып, жөндеуден өтуде, фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылуда, жабдықтар жаңартылып, дәрігерлер мен пациенттер үшін қолайлы жағдай жасалуда. Бұл жұмыстың басты мақсаты — өңір тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-sayasat/press/news/details/1244289?lang=ru

Жауап қалдыру