
Тәртіп сақшылары Павлодар облысының тұрғындарын жазғы демалыс кезеңінде өз мүлкіне мұқият болуға шақырады. Соңғы жылдары пәтер ұрлығының саны азайғанымен, жыл басынан бері Павлодар облысында 23 осындай қылмыс тіркелген. Оның 20-сы ашылды, тағы үшеуі бойынша полицейлер тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. – Жазда пәтер ұрлығы әдетте жиілеп кетеді, – деп атап өтті өңірлік Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Владислав Ермолаев. – Бұл демалыс маусымымен және адамдардың үйлерінде ұзақ уақыт болмауымен байланысты. Ұрылар пәтерге кіру үшін көбінесе пластик терезелерді күшпен ашу әдісін қолданады, ал құлыптарды бұзу, кілт таңдау немесе шатырдан түсу жағдайлары сирегірек кездеседі. Профилактика ретінде терезелерге немесе олардың жақтауларына тор орнатуды ұсынамыз. Бұдан бөлек, сенімді құлыптарды пайдаланған жөн. Егер үйіңізді ұзақ уақытқа қалдырып кетсеңіз, оны бірнеше құлыппен жапқан дұрыс. Әдетте, қаскөйлер оңай әрі байқатпай кіруге болатын жеке үйлер мен пәтерлерді таңдайды. Сондықтан подъездегі бейнебақылау камералары немесе үйдегі дабыл жүйесі бұл жағдайда қосымша қорғаныс болады. Көбіне ұрылар бағалы бұйымдар мен қолма-кол ақшаны қолды қылады, ал оларды сейфте немесе банктік ұяшықтар мен шоттарда сақтаған абзал. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары көршілермен тығыз қарым-қатынаста болуға кеңес береді – ықтимал қылмыскерлерге бірлесіп қарсы тұру әлдеқайда оңай.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-audan/press/news/details/1244901?lang=ru

Жауап қалдыру