
Кәсіби этика және деонтология қағидаларын сақтау Қазақстан Республикасындағы фармацевтикалық қызметкерлердің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Аталған қағидалар пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, фармацевтикалық көмектің сапасын арттыруға және денсаулық сақтау жүйесіне қоғамның сенімін нығайтуға бағытталған.
Этикалық нормаларды құқықтық реттеу Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
Фармацевтің этикасы мен деонтологиясы – маманның кәсіби қызметінде басшылыққа алуға тиіс моральдық және кәсіби қағидаттарының жиынтығы. Бұл қағидаттардың негізінде адамгершілік, жауапкершілік, кәсіби құзыреттілік және адалдық жатыр.
Фармацевтикалық қызметкер:
- кәсіби этика мен деонтология қағидаларын сақтауға;
- әрбір пациентке оның жасына, әлеуметтік мәртебесіне және денсаулық жағдайына қарамастан құрметпен, әдептілікпен және мұқият қарауға;
- дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сақталуын, босатылуын және сапасын бақылауды қамтамасыз етуге;
- пациент туралы ақпараттың құпиялылығын сақтауға және оның жария етілуіне жол бермеуге;
- дәрілік препараттар туралы толық әрі шынайы ақпарат ұсынуға;
- өзінің кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттыруға;
- мүдделер қақтығысына жол бермеуге және мамандықтың беделін түсіретін әрекеттер жасамауға міндетті.
Деонтологиялық ұстанымдардың маңызы ерекше. Олар қызметтік міндеттерді сапалы орындаумен қатар, пациенттермен қарым-қатынас барысында жоғары моральдық нормаларды сақтауды көздейді. Фармацевт жанашырлық танытып, сабырлылық пен көмек көрсетуге дайын болуы тиіс, өйткені оның кеңестері мен ұсынымдары адамның денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-astana/press/news/details/1244517?lang=ru

Жауап қалдыру