
Бүгін Спасское ауылында бірқатар маңызды оқиғалар өтті: жаңа Ту тұғырының ашылуы, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, интернационалист-жауынгерлерге және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің күрделі жөндеудің аяқталуы, сондай-ақ Спасское орта мектебінің 50 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Бұл айтулы шаралардың барлығын біріктірген ортақ құндылықтар – тарихқа деген құрмет, дәстүрлердің сабақтастығы және туған өлкенің болашағына деген жауапкершілік.
Жиналған қауым алдында Сандықтау ауданының әкімі Серік Құдабай құттықтау сөз сөйлеп, тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ауылдың дамуына әр буынның қосқан үлесі ерекше екенін атап өтіп, «Спасское-Агро» ЖШС басшысы Магомед Абуевке белсенді азаматтық ұстанымы мен елді мекеннің өркендеуіне қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді. Оның қолдауының арқасында ауылда абаттандыру бағытындағы маңызды жобалар жүзеге асырылып, әлеуметтік салаға қолдау көрсетіліп, жас мамандарды тарту мен тұрақтандыруға қолайлы жағдайлар жасалуда.
Сондай-ақ Сандықтау ауданының Құрметті азаматы Серғазы Шакировқа ерекше ризашылық білдірілді. Ол 33 жыл бойы Спасское мектебін басқарып, білім беру саласының дамуына, бірнеше буын шәкірттердің тәрбиесі мен қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.
Айтулы мерекелер аясында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, өз ісіне адалдық танытып жүрген бірқатар ауыл тұрғындары Алғыс хаттармен марапатталды.
Мерекелік шаралар ауыл тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-sand/press/news/details/1244986?lang=ru

Жауап қалдыру