
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 мамырдағы № ҚР ДСМ-45 бұйрығымен бекітілген «Фармацевтикалық қызметке лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес фармацевтикалық қызметке лицензия алу үшін жеке тұлғалар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаментіне белгіленген нысан бойынша өтінішті және біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы мәліметтерді электрондық лицензиялау порталы арқылы ұсынады.
Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі 15 (он бес) жұмыс күнін құрайды.
Өтініш келіп түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті беруші ұсынылған құжаттар мен мәліметтердің толықтығын тексереді. Құжаттардың толық емес топтамасы және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттар ұсынылған жағдайда өтінішті одан әрі қараудан бас тарту туралы дәлелді жауап жіберіледі.
Келесі 13 (он үш) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 22 қазандағы № ҚР ДСМ-148/2020 «Медициналық және фармацевтикалық қызметке қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» бұйрығымен белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Тексеру нәтижелері бойынша өтініш берушінің белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы шешім қабылданады.
Фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлерге қойылатын негізгі біліктілік талаптары:
- жоғары немесе орта фармацевтикалық білімінің болуы;
- мәлімделген фармацевтикалық қызметтің кіші түрлері бойынша соңғы 5 (бес) жыл ішінде мамандандырудан, біліктілікті жетілдіруден және (немесе) біліктілікті арттырудың өзге де нысандарынан өткенін растайтын құжаттардың болуы;
- фармацевтикалық мамандық бойынша кемінде 3 (үш) жыл жұмыс өтілінің болуы;
- меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негіздегі, фармацевтикалық қызмет объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келетін үй-жайдың болуы;
- дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тиісті түрде сақтау, босату және өткізу үшін қажетті жабдықтардың, материалдық-техникалық базаның және жағдайлардың болуы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-astana/press/news/details/1244524?lang=ru

Жауап қалдыру