
Бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру болып табылады. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау енгізілді.
Лицензиялаудың негізгі мақсаты – қызмет көрсету сапасының бірыңғай стандарттарын қамтамасыз ету, қызмет алушылардың қауіпсіздігін арттыру және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейту.
Қазіргі уақытта Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 655 ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 649 ұйым лицензия алып, 103 мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетуде. Ең көп сұранысқа ие қызмет түрі – үйде қызмет көрсету жағдайындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер. Бұл қызметпен 60 мыңнан астам адам қамтылған.
Лицензиялау енгізілген сәттен бастап республика бойынша лицензия алуға 1400-ден астам өтініш түсті. Өтініштерді қарау барысында құжаттарды рәсімдеу кезінде және ұйымдардың қызметін белгіленген талаптарға сәйкестендіруде бірқатар кемшіліктер анықталды. Лицензия беруден бас тартудың негізгі себептері ретінде қажетті рұқсат беру құжаттарының болмауы, штаттық нормативтердің сақталмауы, өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалмауы және материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі анықталды.
Сонымен қатар анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін ұйымдар лицензия алу үшін қайтадан өтініш бере алады.
Осы бағытта нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп, мемлекеттік бақылау тетіктері күшейтілуде және қызмет көрсетушілер арасында тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Солтүстік Қазақстан облысында бүгінгі күні арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге 27 ұйым лицензия алды.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық ұйымдардың лицензия алуын қамтамасыз ету мақсатында лицензиялау жұмыстары тұрақты бақылауда ұсталып, алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Лицензиялау – арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттырудың, қызмет алушылардың құқықтарын қорғаудың және ұйымдардың қызметін мемлекеттік стандарттарға сәйкестендірудің маңызды тетігі болып табылады.
Ұсынылатын арнаулы әлеуметтік қызметтер сапасын арттыру мақсатында «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1021 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 807 бірлескен бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бірлескен бұйрық (бұдан әрі – Бірлескен бұйрық) 2026 жылғы 28 мамырда № 38803 нөмірімен қабылданды.
Бірлескен бұйрық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуші орталықтарға келесі бөліктерге сәйкес бақылау және тексеру шараларын жүзеге асыруға бағытталған:
– арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынуға арналған лицензиясыз ұсыну бойынша бұзушылықтар;
– арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынуға қойылатын біліктілік талаптары мен құжаттар тізбесіне сәйкестігін қамтамасыз етпеу бойынша бұзушылықтар.
Бұған дейін Бірлескен бұйрықтың тексеру парақтарында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған лицензияның болуын тексеру талаптары көзделмеген болатын, бұл мемлекеттік органдардың бақылау жүргізу мүмкіндіктерін шектеді.
Бірлескен бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізу халықты әлеуметтік қорғау органдарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметіне толыққанды мемлекеттік бақылау жүргізуге, сондай-ақ лицензиялау туралы заңнама талаптары бұзылған жағдайда әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға мүмкіндік береді.
https://www.instagram.com/reel/DZ_7oIWI5jM/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-sko/press/news/details/1247673?lang=ru

Жауап қалдыру