
Жазғы демалыс балалар үшін тынығу, жаңа әсерлер алу, достар табу және денсаулықтарын нығайту кезеңі болып табылады. Алайда санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары үшін жазғы маусымға дайындық сауықтыру орталықтары өз жұмысын бастамай тұрып-ақ қолға алынады. Өйткені атқарылатын жұмыстың сапасы балалардың қауіпсіздігі мен амандығына тікелей әсер етеді.
Ақмола облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде ведомствоның аумақтық бөлімшелері мамандарының қатысуымен балаларды сауықтыру ұйымдарын 2026 жылғы жазғы маусымға дайындау мәселелеріне арналған семинар өтті.
Іс-шара барысында балалардың демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыратын мекемелердің жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар беру тәртібі мәселелері қаралды. Қатысушылар нысандардың дайындығын бағалаудың негізгі критерийлерін, тамақтануды ұйымдастыруға, сумен жабдықтауға, балалардың тұру жағдайлары мен медициналық қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды талқылады.
Семинар барысында балаларды сауықтыру орталықтарын тексеру кезінде туындайтын практикалық мәселелерге, сондай-ақ олардың қолданыстағы санитариялық нормалар мен қағидаларға сәйкестігін бағалаудың бірыңғай тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
Семинар қорытындысында Ақмола облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сауле Садвакасова барлық дайындық іс-шараларын жауапкершілікпен және уақтылы орындаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, балалардың қауіпсіз, жайлы әрі сапалы демалысын қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың, сауықтыру ұйымдары басшыларының және барлық мүдделі тараптардың ортақ міндеті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1245662?lang=ru

Жауап қалдыру