Облыстық «Бір күн қалада» жобасын іске асыру аясында Шал ақын ауданының оқушылары үшін Петропавл қаласына танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Жобаға Ақа-Барақ орта мектебі мен Шайкин атындағы мектеп-лицейдің оқушылары қатысты. Сапардың негізгі мақсаты – оқушылардың дүниетанымын кеңейту, өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру, сондай-ақ жазғы демалыс кезеңінде олардың бос уақытын мазмұнды әрі қызықты ұйымдастыру болды. Экскурсия бағдарламасы мазмұнды әрі қызықты өтті. Маршруттың алғашқы нысандарының бірі «Мир аттракционов» ойын-сауық саябағы болды. Мұнда балалар көңілді уақыт өткізіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын аттракциондарға мініп, жазғы демалыстың ерекше атмосферасын сезінді. Оқушылар үшін ерекше қызығушылық тудырған орындардың бірі – «Абылай хан резиденциясы» музей кешені болды. Экскурсия барысында балалар қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихымен, көрнекті мемлекет қайраткері Абылай ханның өмірі мен қызметімен танысты. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан өңірінің тарихы туралы көптеген тың мәліметтер алып, халқымыздың мәдени мұрасы мен тарихи оқиғалары жөнінде мағлұмат алды. Мәдени бағдарлама кинотеатрға барумен жалғасты. Оқушылар заманауи көркем фильм көріп, жағымды әсерге бөленді. Кинотеатрға бару сапардың ең есте қаларлық сәттерінің біріне айналды. Күні бойы оқушылар тек демалып, көңіл көтеріп қана қоймай, туған өлкенің тарихы мен мәдениеті туралы білімдерін толықтырып, құрдастарымен еркін араласып, жаңа әсерлерге ие болды. «Бір күн қалада» жобасы балаларға облыс орталығының көрікті жерлерімен танысуға, мәдени және ойын-сауық нысандарын аралауға, сондай-ақ жазғы демалысты тиімді өткізуге мүмкіндік береді.Сапар қорытындысы бойынша оқушылар экскурсияның өте қызықты, танымдық әрі әсерлі болғанын атап өтті. Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, туған өлкенің тарихына деген қызығушылығын арттыруға және балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu-shalakynroo/press/news/details/1246765?lang=ru

Жауап қалдыру