Ерлікке тағзым, қызметке құрмет: ШҚО полицейлері кәсіби мерекесін атап өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ерлікке тағзым, қызметке құрмет: ШҚО полицейлері кәсіби мерекесін атап өтті

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің саптық алаңында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын полиция қызметкерлерін, ішкі істер органдарының ардагерлерін және құрметті қонақтарды бір арнаға тоғыстырды.

Іс-шара қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Бұл олардың ерлігіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.

Салтанатты жиында ШҚО Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков сөз сөйлеп, қызметтік борышын орындау жолында қаза тапқан әріптестердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Сонымен қатар ол өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.

– Олардың ерлігіне тағзым ретінде өңірде «Жас сақшы» сыныптары ашылуда. Бұл бастамалар жастардың бойында жауапкершілік, отансүйгіштік және қоғамға қызмет ету құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді, – деді департамент бастығы.

Мерекелік шара аясында 33 жас қызметкер салтанатты түрде ант қабылдап, Отанға адал қызмет етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және заңдылықты қамтамасыз етуге серт берді.

Сондай-ақ қызметтік міндеттерін үлгілі атқарған 38 полиция қызметкері ведомстволық наградалармен, оның ішінде екі медальмен марапатталды. Ал жеті қызметкерге кезекті арнайы атақтар табысталды.

Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада Полиция департаментінің хоры, «ТАСПА» вокалды-аспаптық ансамблі және «Алтай» би ансамблі өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік шара тәртіп сақшыларының қоғам алдындағы жауапты қызметін айшықтап, қызметтік борышқа адалдық пен ерлік дәстүрлерінің сабақтастығын тағы бір мәрте паш етті.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1246344?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді