
«Көкшетау» мәдениет сарайында Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл мерекелі күні адам денсаулығы мен өмірін сақтаудың игі ісіне өмірін арнаған Ақмола облысының денсаулық сақтау саласының өкілдеріне құрмет көрсетілді.
Медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады. Өз сөзінде ол халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етудегі денсаулық сақтау қызметкерлерінің маңызды рөлін атап өтіп, олардың жанқиярлық еңбегі, жоғары кәсібилігі және таңдаған мамандығына адалдығы үшін алғысын білдірді.
Іс-шара аясында көпжылдық адал еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін саланың үздік өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталып, алғыс хаттарға ие болды.
Марапатталғандардың қатарында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етуге қосқан зор үлесі үшін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов та бар.
Салтанатты шараның ерекше сәттерінің бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің медицина факультетін үздік бітірген түлектерге диплом табыстау рәсімі болды. Жас мамандар өз жетістіктерінің лайықты бағасын алып, алдағы кәсіби қызметтеріне ақ жол тілейтін ізгі лебіздерге ие болды.
Іс-шара мерекелік концертпен қорытындыланды. Концерт салтанатқа қатысушылар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, қоғамдағы ең маңызды мамандықтардың бірі саналатын медицина қызметкерлеріне деген құрмет пен ризашылық атмосферасын қалыптастырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1245688?lang=ru

Жауап қалдыру