
Солардың бірі – санитариялық қызметтің ардагері Аманбаева Салидат Советовна. Ол өзінің бүкіл еңбек жолының басым бөлігін осы маңызды салаға арнады.
1987 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «санитариялық дәрігер» мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Келлер аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында эпидемиолог дәрігер ретінде бастады. Кейін Көкшетау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында еңбек гигиенасы бойынша санитариялық дәрігер қызметін атқарды. Дәл осы бағыт оның ұзақ жылдар бойғы кәсіби қызметінің негізгі саласына айналды.
Әріптестерінің айтуынша, Салидат Советовна облыстағы өндірістік кәсіпорындардың жұмыс ерекшеліктерін, ондағы еңбек жағдайларын және өндірістік тәуекелдерді жетік білетін маман болды. Оның бақылауында қызметкерлердің еңбек жағдайлары, кәсіптік аурулардың алдын алу, электромагниттік өрістердің, шудың, дірілдің және басқа да физикалық факторлардың адам денсаулығына әсерін бағалау мәселелері болды.
Жинақтаған тәжірибесі мен терең білімі оның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өнеркәсіптік объектілерді қадағалау бөлімін басқаруына жол ашты. Бұл қызметте ол өңір кәсіпорындарындағы санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы маңызды міндеттерді табысты жүзеге асырды.
Кейін оның кәсіби жолындағы келесі белес Көкшетау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары қызметі болды.
Көп жылғы еңбегі барысында Салидат Советовна сауатты, жауапты әрі талапшыл маман ретінде әріптестерінің құрметіне ие болды. Ол өз ісіне адалдығымен, ұқыптылығымен және кәсібилігімен санитариялық қызмет мамандары арасында зор беделге ие болды.
Медицина қызметкері күні қарсаңында Салидат Советовнаға санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дамуына қосқан көпжылдық адал еңбегі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Оған зор денсаулық, отбасылық амандық, бақ-береке және бақыт тілейміз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1245670?lang=ru

Жауап қалдыру