
ШҚО әкімі өңір полициясының заманауи цифрлық технологияларымен танысты
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Полиция департаментіне барып, Жедел басқару орталығының жұмысымен, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған заманауи цифрлық шешімдер мен озық технологиялармен танысты.
Сапар барысында зияткерлік бейнебақылау жүйелерінің, Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің, құқық бұзушылықты автоматты тіркеу кешендерінің, сондай-ақ полиция қызметінде қолданылатын роботтандырылған техникалар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндіктері көрсетілді.
Бүгінде облыста 58 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істеп, жасанды интеллект пен бейнеаналитика технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Қолға алынған шаралардың арқасында қоғамдық орындарда тұрақты бақылау қамтамасыз етіліп, құқық бұзушылықтың алдын алу тиімділігі артып, өңірдегі криминогендік ахуалдың тұрақтылығы сақталуда.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков айтулы нәтижелерге жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыстың арқасында қол жеткізілгенін атап өтті. Бұл ынтымақтастық материалдық-техникалық базаны нығайтуға, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысы бойынша, бүгінгі таңда құқықтық тәртіп пен облыс тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ажырамас бөлігіне айналған цифрлық шешімдерді одан әрі дамытудың маңыздылығы атап өтілді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1245965?lang=ru

Жауап қалдыру